СОТТЫ ҚҰРМЕТТЕМЕУДІҢ СҰРАУЫ БАР

0

Сот билігі – мемлекеттің бет-бейнесі. Мемлекет азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғауды, ҚР Конституциясының, өзге де заңдары мен нормативтік құқықтық актілердің орындалуын қамтамасыз етеді. Сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының бүкіл республиканың аумағында күші бар және міндетті түрде орындалуға жатады. Сот төрелігінің мақсаты процеске қатысушылардан сот отырысының заңмен белгіленген тәртіптерін қатаң сақтауды талап етуімен қатар, мүддесіне нұқсан келген азаматтардың құқықтарын қорғау.

Себебі ондай азаматтардың құқықтарымен заңды талаптарын қорғау үшін біріншіден, заңда көрсетілген тәртіппен жұмыс жасау – сот әділдігін жүзеге асыру бағытында дұрыс жол және заң талабының тиісті сақталуының бірден-бір кепілі болары анық. Сондықтан сотты құрметтемеу – заңды құрметтемеу деп түсінген дұрыс. Сотты құрметтемеу жауаптылығы заңда айқындалған, яғни ҚР «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңның 1-бабының 3-тармағына сәйкес, сотқа немесе судьяға құрмет көрсетпеу заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. Алайда сотқа құрметтемеушілік білдіргендерге, заң талаптарына сай жауапкершілік көзделетінін көпшілік біле бермейді. Мысалы,мұндай жағдайлар сот отырысы барысында тараптардың төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбауы, оны балағаттауы, рұксатсыз орнында сөйлеуі, алкогольдік ішімдік ішкен күйде келуі, сот отырысына дәлелді себептерсіз келмеу сияқты әрекеттерден туындайды. ҚР Азаматтық процестік кодексінің 188-бабының талаптарына сәйкес процеске қатысушы тұлға тарапынан сот талқылауы барысында сотты құрметтемеу фактісі анықталса, сот кінәлі адамға осы кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы.
Ал енді сотқа шақыртуға себепсіз келмегендер және жалтарған тұлғалар сотты құрметтемеген болып есептеледі. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 653-бабы 1,2-бөліктерінің талаптарына сәйкес: Процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) – ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Сондай-ақ осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттері (әрекетсiздiк) – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда ол адам ҚР Азаматтық процестік кодексінің 120-бабында белгіленген тәртіптік қылмыстық жауапқа тартылатынын да ескеру қажет. Сот талқылауына қатысушыларды қорлау, сотты құрметтемеу – ҚР Қылмыстық кодексiнің 410-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа: бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Судьяны және (немесе) алқабидi қорлау – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, сотқа келушілер мен сот процесіне қатысушылардың сотты құрметтемеу, заң талаптарын бұзу сияқты теріс қылықтар танытпаса екен дейміз. Өйткені сотты құрметтемеу заңмен жазаланатынын естен шығармайық.
Судьяның басты құндылығы – тәуелсіздігінде. Судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етуге жол бермеуге, кімнен шыққандығына қарамастан қорқытуға, қысым жасау мен заңсыз ықпал етуге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруы қажет. Судья жекелеген адамдардың қаралып жатқан ісі бойынша өз міндетін адал, берік орындап, түрлі қысым мен ықпалға төтеп беру керек. Кез келген заңды, барлық меншік нысанына қарамастан барлық азаматтар, заңды тұлғалар, ұйымдар мен мекемелер мүлтіксіз орындауы тиіс. Заңды қолданушылардың қатарында, сөзсіз, судьялар да бар. Бірақ судьяның лауазымы, оның мемлекеттік билік тармағының өкілі ретіндегі ерекшелігіне орай, белгілі бір шектеулерді міндеттейді. Судья өз беделі мен отбасы мүшелерінің беделі туралы ойлау керек және қызметтік жағдайын өзінің жеке мүдделеріне, отбасы мүшелерінің және басқа да адамдардың мүдделеріне пайдаланбауы тиіс.

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

Leave A Reply

Your email address will not be published.