Әдетте күрес десе бозкілемде белдескен ер палуандарды көз алдымызға елестетеміз. Дегенмен бүгінде осы спорт түрінен ер-азаматтардан кем түспейтін бұрымдыларымыз да баршылық. Әйелдер күресі Қазақстанға кешеуілдеп жеткеніне қарамастан аруларымыз аз ғана уақыттың ішінде өрелі өнерлерімен көзге түсіп үлгерді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қара күшті қажет ететін спорт түрлерін серік еткен қордайлық сұлулар жайлы жазуды жөн көрдік.
Солардың бірі – Гаухар Мұқатай. Гаухар – еркін күрестен спорт шебері, 65 келі салмақ дәрежесіндегі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық турнирлардың жүлдегері. Сонымен қатар ол 2021 жылы нау-рыз айында Италияда өткен «Matteo Pellicone» рейтингтік турнирына қатысып, жеңімпаз атанды. Бетқайнарлық палуан қыздың спортқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. «Қатарлас қыздар тоқыма тоқып, резеңке секірсе, мен ауладағы балаларға қосылып асық, футбол ойнауды жақсы көретінмін. Одан қалса асау тайларды үйрететінмін, жылқы мініп бәйгеге де баратынмын. Сыныптағы ұлдармен жиі төбелесіп, жылатып қоятынмын. Анам мен үшін талай рет ұстаздардан сөз естіген», – деп балалық шағының қызықты сәттерімен бөлісті кейіпкеріміз. Ер мінезді Гаухар мектептен алғаш рет еркін күрес секциясы ашылғанда қатты барғысы келгенін айтады. Бірақ бастапқыда ата-анасы: «Күрес қыз баласына тән емес», – деп қарсы болған екен. Ақыры әке-шешесін көндіріп, сүйікті спорт түрімен айналыса бастайды. Ал жетінші сыныптан кейін Алматы қаласындағы «Шаңырақ» спорт-интернатына оқуға түседі. Екінші үйіндей болған «Шаңырақта» күрестің қыр-сырын үйреніп, білімін шыңдайды. Оны тәмамдаған соң ҚазҰУ-нің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Бүгінгі таңда 24 жасар бойжеткен Алматы қаласындағы №6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етеді. Шәкірт тәрбиелеп жүргеніне қарамастан, өзі де әлі күнге дейін тұрақты түрде жаттығып тұрады. «Менің қазіргі жеке бапкерім – Талғат Керімбаев. Ұстазымнан әлі де үйренерім көп. Спортпен тұрақты түрде айналысып, қабілетімді шыңдап тұру болашақта жарыстарда жеңіске жетуім үшін маңызды. Менің алға қойған үлкен мақсаттарымның бірі – әйелдер арасында еркін күрестен Әлем чемпионы атану», – дейді Гаухар.
Қасиетті Қордай жерін әлемге танытып жүрген тағы бір спортшы қызымыз – жуырда ғана шетел төрінде көк байрағымызды желбіреткен Раушан Жаналиева. Раушан биыл 17-22 ақпан аралығында Швеция елінде өткен «армрестлингтен» Әлем Кубогында І орын алып, екі дүркін Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Айта кетейік, бұл құрыш білекті қызымыздың алғашқы жеңісі емес. Ол 2021 жылдың наурыз айында Талғар қаласында өткен Азия чемпионатында I орын алып, Азия чемпионы атанса, 2021 жылдың тамыз айында Дубайда өткен Әлем кубогында 90 кг салмақ дәрежесінде I орынды иеленіп, Әлем кубогының иегері болды. Ел абыройын асқақтатып жүрген ару Гвардейск қалашығындағы №43 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте білім алады. Сонымен қатар Отар ауылындағы №3 Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі. Ол мұнда 2019 жылдан бері «Армрестлинг» үйірмесінде сүйікті спорт түрімен шұғылданып келеді. Аружанның осындай үлкен жетістіктерге жетуінде жетекшісі Балжан Райымқұлдың еңбегі зор екендігін атап өткен жөн. Еңбекқор әрі талапшыл жаттықтырушы көптеген шәкірттерінің аламан бәйгелерде оза шабуына септігін тигізді. Озат оқушыларының бірі Раушан да тынымсыз жаттығуларының, бойындағы қайсарлығы мен өжеттігінің арқасында талай жарыстарда бақ сынап, әрқашан жеңіс төрінен көрініп келеді. «Он төрт жасымда алғаш рет қол күресінен облыстық жарысқа қатысып, қатты қызықтым. Дәл сол сайыстан кейін «армрестлинг» менің сүйікті ісім екенін түсіндім. Спорттың бұл түрінде адамның дене бітімі маңызды емес, ең бас-тысы техникаға мән беру қажет. Білектің бұлшық етін жаттықтырып, қол күресінің өзіндік әдістерін білсеңіз болды», – дейді Раушан.
Байрақты бәсекелерде ерлермен қатар жеңіс төрінен көрініп, жүздеген жанкүйерлерінің жүрегін жаулап үлгерген қос аруымызды көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Ел намысын қорғап, жаңа белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ
СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН СҰЛУЛАР
Prev Post
Next Post