СТЕПНОЙДАҒЫ ӨРЕЛІ ІСТЕР

0

Қордай ауданының баспасөз орталығында өткен брифингте Степное ауылдық округінің әкімі Мадияр Қарабаев азаматтарға округтің 2025 жылғы әлеуметтікэкономикалық даму қорытындылары туралы баяндады. Жылдың алғашқы брифингі барысында әкім округтің жағдайы, даму жоспарлары және өмір сүру сапасының артуы үшін атқарылған жұмыстар турасында жанжақты мағлұмат берді.

Спикердің баяндауынша, Степной ауылдық округі аудан орталығынан небәрі 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның жалпы аумағы 10 763 гектарды құрайды. Бұл округ үш елді мекеннен, яғни Степной, Арал және Қалғұты ауылдарынан тұрады. Степной ауылдық округі өзінің мал шаруашылығымен және ауыл шаруашылығымен танымал. Жалпы округте мүйізді ірі қара саны 3368, ұсақ мал 19699, жылқы 356, ал құс саны 6143 басты құрайды. Мал шаруашылығы – тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі.

Әкімнің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жылдан жылға өсіп келе жатыр, бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді. Ол сондай-ақ жыл басынан бері қаңғыбас иттерді жою үшін 1 рейд ұйымдастырылғанын, нәтижесінде 13 бас ит жойылғанын атап өтті. Бұл шаралар округтің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.

2025 жылы елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында нақты жоспарлар әзірленген. Атап айтқанда, Степной, Арал, Қалғұты ауылдарында балалар алаңдарын салу жұмыстары жүзеге асырылды. Жаңа алаңдар балалардың қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бос уақыттарын өткізуіне мүмкіндік береді.

Жалпы округ бойынша табиғи газбен қамтылу деңгейі бойынша Степной ауылында 94%, Арал ауылында 90% және Қалғұты 86%.

Степной ауылында – 669 үй, оның ішінде газ жүргізілген үйлер саны – 629, газ жүргізілмеген үйлер саны – 40. Арал ауылында – 204 үй, оның ішінде газ жүргізілген үйлер саны – 184. Қалғұты ауылында – 186 үй, оның ішінде газ кіргізілген үйлер саны – 160.

Ауыз су «Қордай-су» КМК балансына тиесілі. Барлық үш елді мекен тәулік бойы сумен қамтылған. Степной ауылы бойынша – 669 тұрғын үй қосылған, оның ішінде есептегіш құралдар саны – 648, есептегішсіз абонентттер саны – 21. Арал ауылы бойынша – 204 үйге су кіргізілген, оның ішінде есептегіш құралдар саны – 204. Қалғұты ауылы бойынша – 186 үйге су кіргізілген, оның ішінде есептегіш құралдар саны – 186.

Округтің өмір сапасын арттыруда тұрғындарды жұмыспен қамту да маңызды. Әкімнің айтуынша, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу үшін шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсаты көзделуде. Ол тұрғындарға кәсіпкерлік негіздерін оқытып, бизнестің барлық аспектілері бойынша кеңестер берілетіндігін айтты.

Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобалар аясында жолдарды жөндеу, су және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін оңтайландырып, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Брифинг барысында спикер Мадияр Бақытбекұлы әлеуметтік желі қолданушыларынан келіп түскен сауалдарға да кеңінен жауап берді. Оның айтуынша, тұрғындардың пікірлерін ескеру, әлеуметтік желілерде пікірлесіп, диалог орнату – жергілікті билік үшін өте маңызды. Қазіргі таңда ауылдық округ тұрғындарының белсенділігі, әсіресе түрлі платформада өз ойларын ашық білдіруі, жергілікті билік өкілдеріне азаматтардың мәселелерін тиімді шешуге көмектесуде.

Степное ауылдық округі алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық даму жолында жетістіктерге жетеді деген сенім мол.

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.