Жақында Қордай ауданына шетелдік инвесторлар келіп, бірнеше суқойманың құрылысын қаржыландыру мәселесіне қатысты бағалау жүргізді. Нақтырақ айтсақ, «Ислам Даму» банкінің өкілдері аудандағы су объектілеріне барып, қазіргі жағдайымен танысты.
Делегацияның құрамын-да инвесторлардан бөлек су ресурстары, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мамандар және суқойма құрылысы жобасын әзірлеген ғылыми қызметкерлер де болды.
Қонақтарды аудан әкімі Бегзат Болатбеков қарсы алып, бірінші кезекте Қалғұты өзені бойына салуды жоспарланған суқойма орнымен танысудан бастады.
Жоспар бойынша Қалғұты өзенін бөгеу арқылы 15,6 млн текше метр су жинау мүмкіндігі бар. Осының арқасында 9 мың гектар егістікті суаруға болады екен. Жобаның болжамды құны 3,181 млрд теңге. Шетелдік инвесторлар судың қайдан, қандай көлемде келетінін, шекара аймағы болғандықтан қиындықтар туындау қаупін, әсіресе, шаруалар тарапынан наразылық туындамайтыны жайында сұрастырды. Барлық сұрақтарға тұшымды жауаптар да берілді.
Су ресурстары мамандары суқойманың инженерлік сипаттамасын түсіндіріп өткеннен кейін аудан әкімі барлық мән-жайды баяндады. Бегзат Сейсенқұлұлы жергілікті шаруалармен суқоймаға қажетті жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі мәселелер, жалпы жобаға қатысты барлық құжаттар дайын екенін жеткізді.
Осыдан кейін инвесторлар Ноғайбай ауылына барып, «Рғайты» суқоймасын салу жоспарымен танысты. Мұнда Рғайты өзенін бөгеу арқылы 30,2 млн текше метр су жинау мүмкіндігі бар. Жобаның болжамды құны 6,807 млрд теңге. Бұл жерде де мамандар суқойманың инженерлік сипаттамасын түсіндіріп өтті.
Инвесторлар су балансына зерттеу жұмысының нәтижесін, ауылға қаншалықты қауіптілігін және басқа да келтірілуі мүмкін залалды сұрады. Өз кезегінде ғылыми қызметкерлер барлық зерттеулер жүргізілгенін және мүмкін залалдар мұқият талданғанын атап өтті.
Осыдан кейін қонақтар Масаншы ауылына да барып, «Қарақоңыз» суқоймасын кеңейту жайымен танысып, бағалау жұмыстарын жүргізді.
Аталған жобаларды қаржыландыру оң шешімін тапса, егіс алқаптарын суармалы сумен қамтуда көрші елге тәуелділік бірнеше есеге азаятыны сөзсіз.