Қыс мезгілінде жиналған қоқыспен бірге жұқпалы аурулардың қоздырғыштары көктемде еріген қармен және мұзбен бірге өзендерге, құдықтағы суларға түсіп, суды ластайтыны белгілі. Осыған байланысты су жолымен қандай жұқпалы және жұқпалы емес аурулар беріледі деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны рас.
Атап өтетін жайт, су тасқыны кезінде жұқпалы ауруларды тудыратын қолайсыз эпидемиологиялық жағдайлар орын алып жатады. Су жолымен вирусты гепатит «А» және «Е», тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, дизентерия, сібір жарасы және т.б ауруларды жұқтыру қаупі бар.
Бүгінгі таңда Қордай ауданы аумағында су тасқыны бойынша жай-күй тұрақты. Орталықтандырылған сумен жабдықтау, кәріз жүйелеріндегі және басқа да эпидемиялық мәні жоғары обьектілердегі ірі су басу және авариялық жағдайлар туралы мәліметтер тіркелген жоқ.
Қордай аудандық санитариялық-эпидемиология бақылау басқармасы су тасқыны кезінде түрлі аурулардың алдын алу үшін тұрғындардың келесі қарапайым және тиімді ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді:
-ішуге және тамақ дайындауға тек шөлмектегі немесе қайнатылған суды пайдалану;
-су басқан жерлерде бұлақтардан, құдықтардан және ұңғымалардан су ішпеу;
-шөлмектегі ауыз су қорын қамтамасыз ету және кеміргіштер қолы жетпейтін жерлерде жабық ыдыстарда сақтау:
-тасқын сулармен ылғалданған тамақ өнімдерін пайдаланбау;
-ауланы қоқыстан тазарту;
-су тасқынынан кейін барлық үй-жайларды дезинфекциялық ерітінділермен өңдеу;
-толтырылуына қарай қазылған шұңқырларды уақытылы сорғызу;
-ауыз су мақсатында пайдаланылатын ұңғымаларды тазарту, дезинфекциялау;
-тасқын сулардан аулақ болу;
-тасқын суды кешу үшін арнайы киімдерді қолдану:
Резеңке етік,резеңке қолғап, қауіпсіздік көзілдірігін тағу.
-жемістер мен көкөністер бөтелкедегі немесе қайнатылған сумен жақсылап шаю.
-қолды сабынмен мұқият жуу немесе антисептикпен ысқылау;
-жануарлармен (және олардың мәйіттерімен) байланыста болмау, оларды қолмен ұстамау;
-су тасқынының тағы бір проблемасы –кеміргіштер, көптеген аурулардың қоздырғыштары. Олар тұрғын үйлер ғимараттарына еніп, адамның жұқпалы және паразиттік аурулармен ауыру қаупіне ықпал етуі мүмкін.
Сондай-ақ «Казгидромет», «құтқару қызметі» ұсынған болжамдарға назар аудару керек.
Қарапайым гигиеналық ережелерді сақтай отырып, Сіз өзіңізді және жақындарыңызды көптеген аурулардан қорғай аласыз!
А.ОНГАРБАЕВА, Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы