СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0

Осы аптада Сенатта өткен Үкімет сағатында биылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмысы пысықталды. Былтыр орын алған апат 12 өңірде 12 мыңға жуық жеке тұрғын үй мен 62 көпқабатты ғимаратты су астында қалдырған еді. Биыл мұндай жағдай қайталанбау керек. Құзырлы министрлік өкілдері алдағы су тасқыны кезіндегі қауіп-қатерлерді саралап, алдын алу жұмысы туралы ақпарат берді.

Өткен жылы су тасқыны кезінде мүлкі мен үйі зақымданып, қираған азаматтарға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілді. Қалпына келтіру жұмысының нәтижесінде, шамамен 9 мың үй жөнделіп, 2 мыңнан аса жаңа тұрғын үй салынды. Қосымша 5 мыңнан аса жылжымайтын мүлік сатып алынған.

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов су тасқыны елімізге биыл да қауіп тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны жыл сайын халық пен инфрақұрылымға зор сынақ болып отыр. Ал өткен жылғы жағдай табиғи апаттың қаншалықты жойқын болуы мүмкін екенін көрсетті.

– Өткен жыл ауыр сынақ болды. Су тасқынынан мыңдаған отбасы зардап шекті, үйлер құлады, жол мен көпір бүлінді, әлеуметтік және коммерциялық нысандар қирады. Президенттің араласуымен жедел шешім қабылданып, барлық мекеменің үйлесімді жұмысы арқылы шығындар азайды, зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, инфрақұрылым қалпына келтірілді. Алайда егер алдын алу шаралары уақтылы және тиісті деңгейде жүргізілсе, көптеген шығынның алдын алуға болар еді. Басты міндет тек су тасқынының салдарымен күресу емес, оны жүйелі түрде болдырмау керек, – деді палата төрағасының орынбасары.

Ал Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин су тасқыны еліміз үшін аса күрделі мәселенің бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылғы бұрын-соңды болмаған су тасқыны әсіресе батыс және солтүстік өңірлердегі жүздеген елді мекенге қиындық туғызып, халықты біраз әбігерге салды. Ол билікті табиғи құбылыстың себебі мен салдарын түсінуге, сондай-ақ алдын алу жөнінде тиімді шаралар әзірлеу уәкілетті органдардың ортақ міндеті екенін айтты.

– Біз Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалып жатқанын білу, гидротехникалық құрылыстар мен гидрометеорологиялық қызметтердің жай-күйін тексеру, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда заңсыз құрылыс мәселесінің қалай шешіліп жатқанын анықтауға жиналдық. Сондай-ақ төтенше жағдайларды алдын алуға қандай нақты шаралар қабылданып жатқанын талқылап алудың маңызы зор, – деді А.Лукин.

Отырыс барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов былтырғы су тасқынының салдарына талдау жасап, көктемде Қазақстан соңғы 80 жылда болмаған ауқымды су тасқынына тап болғанын еске салды. Бұл апат 12 өңірде 12 мыңға жуық жеке тұрғын үй мен 62 көпқабатты ғимаратты су астында қалдырды. Оның салдарын жоюға құтқарушылар, әскерилер, полиция, Ұлттық гвардия жұмылдырылып, авиация мен инженерлік техника тартылды. Нәтижесінде, 35 млн текше метрден аса су сорылып, өзен арналарының түбін тереңдету және жағалауды бекіту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Министр өткен жылы болған су тасқынын талдау негізінде биыл көктемгі кезеңге белсенді дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз депутаттарға ықтимал су басудың алдын алу жөнінде қабылданып жатқан техникалық шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылып, трансшекаралық су бассейндеріндегі гидротехникалық құрылыстардың жұмысын үйлестірумен айналысып жатқанын айтты.

Жедел қабылданған шаралар арқылы су тасқынының салдарын барынша азайтуға және жаңа қауіптерге дайындықты күшейтуге мүмкіндік туды. Депутаттар Үкімет сағатының қорытындысы бойынша биылғы су тасқыны кезінде жан-жақты дайындықты жалғастыруды, гидротехникалық құрылыстарды қаржыландыруды арттыруды және төтенше жағдайлардың алдын алудың заманауи әдістерін енгізуді ұсынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.