Шомылу маусымының айлары келді. Суда жақсы жүзе білетін адамға су жағасында дем алу қауіпті емес. Ондай адамдар суда жапа шеккендерге әрдайым өз көмектерін тигізе алады. Бірақ суда жақсы жүзетін адамдардың өздері судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтағаны жөн. Бұған немқұрайлықпен қараған көп жағдайлар қайғылы оқиғаларға алып келеді. “Су тілсіз жау” екенін ескере отырып келесі ережелерді қатаң түрде есте сақтаған жөн:
— тек рұқсат етілген жерлерде (бассейндерде, арнайы жабдықталған жағажайларда) шомылыңыз;
— арнайы қойылған белгілерден аспаңыз;
— катерлерге, моторлы және ескекті қайықтарға жақын жүзбеңіз;
— қайықтардан, катерлерден, түрлі жүзгіш нысандардан, көпірлерден, жарлардан суға сүңгімеңіз;
Ережеде мынадай жайттарға ҚАТАҢ тыйым салынады:
— тақтайларды, бөренелерді, доптарды, үрлемелі резеңкелерді қолдануға;
— қайықтар, кемелер тоқтайтын айлақтарда шомылуға;
— мас күйде шомылуға;
— бірін-бірі тұншықтырып ойнауға;
— жағажайда спирттік ішімдік ішуге;
— суды және жағажайды ластауға;
— жағажайға үй жануарларын, ит-мысықтарды әкелуге;
— жүзе білмесең белден жоғары жерлерге түсуге;
— қатты ағысты, иірімді жерлерге шомылуға болмайды.
12 жасқа дейінгі жасөспірімдерді ересек адамдардың қарауымен 0,7 метр тереңдіктен аспайтын арнайы жабдықталған орындарға шомылдырған жөн. Суға жүзуге суы мөлдір терең емес, асты біркелкі тегіс, ағысы қатты емес, иірімі жоқ, балдырлары жоқ жерлер таңдалуы керек. Суға түскенде абайлап, асықпай түсіп, терең емес жерден денені суға үйретіп алған дұрыс. Суда 10-15 минуттан аспай жүзген жөн. Өздеріңізді суда шаршауға, жаурап қалтырауға дейін апармаңыз. Кез келген жерден судың тереңдігі мен су асты құрылымын білмей сүңгуге болмайды. Суға тек арнайы сүңгуге жабдықталған, суы мөлдір, асты тереңдеу жерлерден сүңгу керек. Суға жүзгенде өзіңізді шаршауға, қалтырауға, ентігуге дейін жеткізбеңіз. Суда жүзіп жүріп кенеттен дене мүшелері, аяқ-қол сіңірлері тырысуы мүмкін. Бұның салдары мынадай:
— дененің жаурауы, суда тынымсыз, ұзақ уақыт жүзудің салдарынан бұлшық еттерінің әлсіреуі;
— суға үйренбеген денемен жүзу;
— күн астында терлеп отырып суға сүңгу;
Суда жүзіп жүріп жаурағанды сезінсеңіз жүзуді тоқтатып, жағаға шығып жылынып алыңыз. Өзіңізді қалтырауға дейін жеткізбеген жөн.
Егер суда дене мүшелері, қол-аяқ тырысса, онда еш уақытта саспау керек. Тырысу жанға батқанымен өмірге аса қауіпті емес. Тырысқан жерді қолмен сылап-сипап, аяқ-қолды, саусақтарды қимылдатып, жүзу әдісін өзгертіп отыру керек. Түйрегішпен шанышқылап немесе қолмен шымшылауға болады. Аяқ-қол тартылғанда қолмен тартып түзеуге тырысу қажет. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз, шалқалай жатып қолыңызды бұлғап, айқайлап, дауыстап көмекке шақырыңыз. Еш уақытта жалғыз шомылмаңыз. Шомылуға әрдайым көмек көрсете алатын сенімді адамдармен барған жөн. Өздеріңізбен бірге мүмкіндігінше суда құтқару құралдарын (құтқару шеңберін, құтқару арқанын, құтқару кеудешесін, дәрігер қобдишасын ) ала жүрген артықшылық болмайды. Балаларға арнайы жүзуге арналған кеудешелер кигізген дұрыс.
А.ӘБІШ, Қордай аудандық
ТЖ бөлімінің бас маманы