Судья – қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығының кепілі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тірегі, ел дамуына үлес қосатын парасат иесі. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы әділдікті ту еткен дала заңдары мен билер институты арқылы ұлттың бірлігі мен тұтастығын сақтап келген. Көшпелі қоғамда өмір сүрген халқымыздың құқықтық мәдениетінде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды ұлы тұлғалар әділет пен даналықтың белгісіне айналды. Олардың әділ шешімі мен көрегенділігі, парасатты пайымы – бүгінгі сот жүйесінің рухани өзегі мен үлгі-өнегесі. Билердің «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қасиетті қағидасы – бүгінгі заманның судьялары үшін де темірқазықтай қағылып, кәсіби қызметтерінің басты ұстанымына айналды. Осы асыл мұраны жалғастыру – үлкен жауапкершілікпен қатар, мәртебелі міндетті жүктейді.
Судья – сот жүйесінің беделін арттырып, халықтың сенімін нығайтатын тұлға. Сот төрелігін жүзеге асыра отырып, судьялар әрбір іс бойынша әділ шешім қабылдайды, бұл олардан жоғары психоэмоционалды жүктеме мен стресске төзімділікті талап етеді.
Судья болу бұл заңгер мамандығын меңгерген адамның кәсіби жолындағы таңдауы – үлкен шың. Бірақ басқа құқық салаларынан айырмашылығы – судья болған адам жай ғана қызмет атқармайды, адам тағдырын таразыға салады. Мен судья болуды – ел алдындағы адалдықты, әділеттілікті талап ететін өмірлік ұстаным деп білемін.
Судья – бұл әділеттің бейнесі, тек заңды білу емес, оны жүрекпен сезіну.
М.ОМАРОВА, Қордай аудандық сотының судьясы