Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22 бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сөзінде жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күрес жүргізілетінін жеткізді. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар: мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылуда. Департамент тарапыпан барлық мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру – Агенттік қызметінің маңызды және өзекті бағыттарының бірі болып табылады.
Бүгінгі күнге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістердің бірқатар топтамалары әзірленіп, іске асырылды.
Заңнамалық өзгерістердің бірінші топтамасы 2019 жылдың 19 желтоқсанында қабылданды. Енгізілген өзгерістерге тоқталып өтетін болсақ:
Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар енгізілді;
Нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы қалпына келтірілді, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді;
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды;
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазасы қатаңдатылды; (ҚК-нің 366-бабында судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты жаңа құрам енгізіліп, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкция күшейтілді)
Мемлекеттік қызметшілердің, депутаттар-дың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына шектеулер енгізілді;
Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын шектеу қойылды.
Заңнамалық өзгерістердің екінші топтамасы 2020 жылдың 6 қазанында қабылданды. Енгізілген өзгерістерге тоқталып өтетін болсақ:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге өзге тұлғалардан сыйлықтарды алуға және өзге тұлғаларға сыйлықтарды сыйға тартуға толық тыйым салынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылатын тұлғаларға, сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлеріне жатады. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қатысты болатын. Енді бұл тізім айтарлықтай кеңейтілді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар тізіміне енгізілді.
ҚР Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.
Расул БЕДЕЛБАЕВ, «Қордай адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі