СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ!

0

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің және қоғамның дамуына кедергі келтіретін, халықтың әл-ауқатына теріс ықпал ететін індет. Ол қоғамның сенімін, әділеттілікті және демократиялық процестерді төмендетіп, халықтың өмір сүру деңгейіне нұқсан келтіреді. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті, осыған байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр кешенді Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударуда

Мемлекетіміздің басты қағидаты әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондықтан да қоғамдық бақылауды күшейту – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Степной ауылдық округі әкімдігі ашықтық пен айқындық қағидаттарын ұстануда, тұрғындарға өз қызметінің барлық қырын ашық көрсетуге тырысады. Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында әлеуметтік желілердегі ресми парақшамызды белсенді түрде жүргіземіз. Тұрғындардың ұсыныстары мен арыз-шағымдарына жедел жауап беріліп, әкімдік жұмысының тиімділігін арттыруда. Әкімдік тарапынан азаматтарды қабылдау кестесі бекітіліп, әр тұрғынның өтініші заң шеңберінде мұқият қаралады. Мұның өзі қоғамның сенімін арттырып, мемлекеттік қызметкерлер мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында округ аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мектеп оқушылары мен жастар арасында парасаттылық, адалдық, және әділеттілік тұжырымдарын дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырылып, қазіргі қоғамымыздың ерекшіліктері мен қиындықтарын түсіндіру мақсатындағы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жастардың болашағы – біздің қолымызда, сондықтан да біз оларға дәстүрлі моральдық құндылықтарды санасына сіңіру үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте әрбір азаматтың белсенділігі маңызды. Егер сіз заңсыз әрекеттерге куә болсаңыз, тиісті органдарға хабарлауыңызды сұраймыз. Бұл – Сіздің азаматтық борышыңыз. Әрбір тұрғын әділдікке, ашықтыққа негізделген қоғам құруға өз үлесін қоса алуы тиіс. Бірлесе отырып, бұл індеттің алдын алып, қоғамымыздың тұрақты дамуына ықпал етуіміз қажет.

Адал еңбек пен әділ қызмет – өркениетті ел болудың кепілі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – біздің басты мақсатымыз, сондықтан да біз бұл бағытта аянбай еңбек етіп, қоғамымызда бұл құбылысты жеңу үшін тер төгеміз. Тек жауапкершілік пен ортақ түсіністік арқылы біз өз елімізде әділ әрі ашық қоғам құра аламыз!

Мадияр ҚАРАБАЕВ, Степное ауылдық округінің әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.