СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

0

Сыбайлас жемқорлық өте қауіпті, жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі болып табылады. Ол экономикалық заңдардың еркін әрекетін біршама деңгейде шектейді және еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді, еліміз үшін пайдалы шетелдік инвестициялардың жолындағы басты кедергілердің бірі болып табылады.

Әсіресе, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік билік органдарында қауіпті. Бұл жағдайда ол мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдауда беделін түсіретін өкілеттілігінің және қатаң құқықтық есеп берудің, шенеуніктерді қадағалаудың жоқтығынан биліктің монополияға айналуына әкеліп соқтырады. Ол еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ, соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы «сыбайлас жемқорлық» деп ұғынылады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңы ең пәрменді заңдардың бірі болып табылады. Бұл заң осы бірнеше жыл ішінде жоғары маңызға ие болып, мемлекеттік қызметшінің күнделікті пайдаланатын оқу құралына айналып отыр.Заңның ең басты құндылығы, ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіптен сақтауға, сондай-ақ жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, тыю және ашу жолында мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреттері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.
Өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау, алдын-алу және оны жасаған кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, салық, кеден және шекаралық қызмет, қаржы және әскери полициясы органдарымен жүзеге асырылады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы ауызша хабарламалар мен жазбаша арыздар қылмыстың жасалу орны мен уақытына қарамастан құқық қорғау органдарында тәулік бойы қабылданады.
Сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өзге де түрде жәрдемдесетін адам мемлекеттің қорғауында болады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көтермеленеді.

Л.ЧАЛТИКЕНОВА, Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
бөлім басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.