Қоғамның дамуы мен мемлекетіміздің тұрақтылығы ең алдымен адалдық пен әділдік қағидаттарына негізделері сөзсіз. Тиісінше, Қордай ауданында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асып келеді.
2025 жылдың алғашқы 11 айының қорытындысы бойынша Қордай ауданында мемлекеттік қызметшілерге қатысты бірде-бір сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелмеді. Бұл – мемлекеттік аппараттағы тәртіп пен жауапкершіліктің күшейгенінің, сондай-ақ алдын алу шараларының тиімді жүргізіліп отырғанының нақты көрсеткіші деп ойлаймын. Бұған дейін де 2021, 2022, 2023 жылдары мұндай құқықбұзушылық тіркелмегенін атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бекітілген №4 Типтік базалық бағыт негізінде ауданымызда кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Easy Project» ақпараттық жүйесінде тиісті жобаларды орындау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына жүктелген міндеттер уақытылы орындалып отыр.
Жергілікті атқарушы органдар бекітілген жылдық жоспарға сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, оның нәтижелерін «Битрекс» ақпараттық жүйесіне енгізуде. Сонымен қатар, аудан аумағындағы квазимемлекеттік сектор субъектілерінде – «Қордай-Су», Аудандық мәдениет үйі және «Комхоз» кәсіпорнында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер толыққанды жұмыс істеуде. Комплаенс-қызметтер тоқсан сайын тиісті алдын алу шараларын қабылдап, ұйымдардағы ішкі бақылау тетіктерін нығайтуда.
Құрметті тұрғындар!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бұл – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Әрбір азамат заңға құрметпен қарап, әділдік пен адалдық принциптерін ұстанғанда ғана қоғамымызда сенім мен тұрақтылық орнайды.
Қордай ауданы әкімдігі ашықтық, жариялылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген жұмысты жалғастыра береді. Бірлескен күш-жігер арқылы сыбайлас жемқорлықсыз, әділетті қоғам құра алатынымызға сенімдімін.
Қордай ауданының әкімі
Бегзат Болатбеков