«Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес».
Көне заман тарихына көз жүгіртетін болсақ, алғашқы және ерте таптық қоғамдарда абыздарға, көсемдерге, әскербасыларына олардың көрсеткен көмегі, қызметі үшін төлемақы беру әдеттегідей норма болып қабылданғаны мәлім. Жоғары шенде тұрған басшылар қарамағындағы төменгі шендегі қызметкерлердің белгіленген бір төлемақыға риза болғанын талап ете бастады, яғни олар белгілі бір көлемде жалақы алатын болды. Ал, төменгі шендегі қызметкерлер лауазымдық міндеттерін орындау барысында көрсеткен қызметі үшін жасырын түрде қосымша төлем талап еткен. Осы құбылысты сыбайлас жемқорлықтың алғашқы белгілері деп қарастыруға болады.
Сыбайлас жемқорлық проблемасы барлық елдерде бар, ол әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуді баяулатып, тек өзіне тән көріністермен және ауқымымен ерекшеленеді.
Сыбайлас жемқорлық деп қоғамдық және саяси қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың сатқындығын, оларды сатып алуды, яғни саяси, экономикалық, әскери және тағы басқа да салалардағы қызметкерлердің қолындағы билігінің мүмкіндіктерін және қызмет бабын жеке басын байыту мақсатында пайдалануын айтады.
Сыбайлас жемқорлық – бұл кез-келген лауазымды тұлғаның өзіне және тағы басқаларға заңсыз жолмен пайда әкелу мақсатында жасаған қылмысы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде негіз қалаушы буын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді, олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді айқындау және барынша азайту болып табылады. Қоғамдық өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін қозғайтын шешімдерді қабылдаған кездегі ашықтықтың жеткіліксіз болуы, мемлекеттік аппараттың қызметінде тиісті азаматтық бақылаудың және қоғамдық пікірді ескерудің болмауы артық төрешілдікке, әкімшілік кедергілер мен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға алып келеді, бұл жиынтығында сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторларды қалыптастырады.
Біздің еліміздеде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға қатысты шаралар қолданылуда.
Біздің елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында бірқатар заңдарда қабылданды. Мәселен айтатын болсақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар, сонымен қатар бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыратын арнайы уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу жұртшылықтың көмегінсіз мүмкін емес. Сол себептен мемлекет пен қоғамның тығыз серіктестігі ғана сыбайлас жемқорлыққа табысты қарсы тұруға мүмкіндік береді. Ол үшін халықтың құқықтық мәдениетін арттырып, құқықтық нигилизммен күресу керек.
Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдарынан материалдық және материалдық емес игіліктер заңсыз алынады, оның нәтижесінде қоғам мүдделеріне нұқсан келтіріледі және мемлекеттік биліктің беделі төмендейді.
Сыбайлас жемқорлық көріністері үшін алғышарттардың бірі шенеуніктің азаматпен тікелей байланысы болуы да болып табылады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу рәсімі неғұрлым оңай және ашық болса, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де соншалықты төмен болады. Сол себепті қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кең пайдалану да адам факторының ықпалын барынша азайтады.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету, оның ішінде кеден, салық салаларында, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, банк қызметі салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдері барынша автоматтандырылған. Осы жасалып жатырған саясаттың барлығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алып болдырмау мақсатында жасалуда.
М.ӘБСӘЛІМ, Қордай аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары