ТҮЙІННІҢ ТАРҚАТЫЛАР ШАҒЫ

0

Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған аудан әкімінің халық алдындағы есепті кездесулері жалғасын табуда. Кестеге сәйкес кезекті кездесулер бейсенбі күні Ауқатты және Қарасу ауылдық округтерінде өтті.

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тұрғындармен дәстүрлі кездесуі Ауқатты ауылдық округінде ауылдық мәдениет үйінде өтті.  Өткен жылы ауданда атқарылған шаруаның барын барлап, қол жеткізген нәтижені және алдағы жоспарды егжей-тегжей талдаған аудан басшысының сөзіне толығымен қаныққан тұрғындар бірқатар сұрақтарына қанағаттанарлық жауаптарын алды.

Есепті кездесуінің алдында аудан басшысы Бәйтерек ауылында бой көтерген жаңа мектептің құрылысы барысымен танысты. 150 орындық білім ошағы биылғы жаңа оқу жылында балақайларға есігін айқара ашпақ. Халық саны өсіп келе жатқан бұл шағын ауылға мектептің қажеттілігі бұрыннан айтылып келді. Қазір құрылыс қарқыны жаман емес. Бас мердігер «ТемірСтройСервис» ЖШС өкілдерінің сөзінше нысан белгіленген уақытта пайдалануға беріледі.

Ал, енді есепті кездесуге тоқталатын болсақ… Жалпы, округтің аяқ алысы жаман емес. Халқы ауқатты, «еңбектеген баладан еңкейген қарияға» дейін кәсіппен айналысып, нәпақасын табуда. Мұны ең әуелі халық алдында баяндама жасаған округ әкімі Алмас Иенбергеннің баяндамасынан байқадық. Өткен жылы ауылда талапқа сай жекеменшік білім ошағы мен замануи спорт кешені бой көтеріп, өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі үшін жағдайлар жасалды. Қысқасы, ауыл әкімінің баяндамасынан байқағанымыз, ауылда шешімін күткеннен гөрі, түйіні тарқатылған мәселелердің қатары артқан. Алайда, заманына қарай, халықтың басшылыққа қоятын талабы да өзгеріп келеді. Сонау бір кездері халық жабыла мектеп пен пошта, дәрігерлік амбулатория мен балабақша мәселесін көтерсе, бүгінде мұның бәрі бар.

Кездесуде Бегзат Болатбеков биылғы жылдағы ауқымды жоспарларын атап өтті. Мәселен, биыл Қызылсайдағы мектеп жөнделеді, Бәйтерек және Қызылсай ауылында стритворкаут, футбол алаңы салынады. Бәйтеректе ауыз су құбыры, Ауқаттыда жаңа берілетін жер учаскелеріне коммуналдық инфрақұрылым жасалады, Ауқаттыда мектепке қосымша ғимарат салынады. Осының барлығын естіген қалың көпшілік ризашылықтарын білдіріп, сұрақтарын қоя бастады. Ауқатты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбай Семжанов медицина саласына, суармалы су мәселесіне байланысты сұрақ қойды. Ал, Қызылсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыбек Муслимов көпшіліктің атынан аудан әкіміне алғыс айтып, бірқатар мәселені көтерді. Осыдан бөлек бірнеше ауыл тұрғыны да сұрақтар қойды. Әр сұраққа толығымен жауап қайтарған Бегзат Сейсенқұлұлы кездесуге келген азаматтарға ізгі тілегін де жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.