ТҮРКІ ӘЛЕМІ КӨЗ ТІККЕН КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ

0

2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 89 мемлекеттен 2000- нан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. Көшпенділер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алғашқы үшеуі Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында ұйымдастырылды. Аталған жарысқа 2014 жылы 19, 2016 жылы 60, 2018 жылы 66 мемлекеттен спортшылар келді. 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септесіп, аралас-құраластығын арттырады. Оның спорт бағдарламалары түркі жұртының ортақ тарихы мен мәдениетін біріктіретін көшпелі халықтардың ұлттық ойындарына негізделген. Бесінші көшпенділер ойынында спорттың 20 түрінен жарыс және 10 көрнекі спорт сайысын өткізу жоспарланған. Ойын ұйымдастырушылары халықаралық жарысты өткізуде артық шығынға жол бермеу мен тиімділік ұстанымдарына сүйенеді. Ойындарды өткізу үшін жаңа ғимараттар салынбай, қолда бар спорт құрылымдары тартылады. Мәселен, 8 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында ойынның ашылу салтанаты өтеді. Ал Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында еліміздің барлық аймағын қамтыған «Бірлік керуені» жобасы басталады. Қазіргі күні ірі спорттық жарыстардың барлығына дерлік (Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада және т.б.) түрлі формада Алау эстафетасы ұйымдастырылады. Кей жағдайларда алауға балама ретінде басқа да қасиетті элементтер немесе ежелгі жәдігерлер қолданылуы мүмкін. Осыған дейін, көшпенділер ойындарында қасиетті бұлақ суы эстафета мен ашылу салтанатының негізгі элементі болған еді. Осы дәстүр Астанада жалғасын табады. «Бірлік керуені» еліміздің барлық аймағын қамтып, елордада мәреге жетеді. Әр өңір өз киіз үйін тігіп, аймақтың мәдени және туристік ерекшеліктерін кеңінен таныстырады. Ашық аспан астында Көшпелілер өркениетінің мұражайы, Қолөнершілер қаласы орналасады. «Neo nomads Fest» атты урбанистика фестивалі, ұлттық тағамдар фестивал, спорттық сайыстар, айтыс және басқа да кештер ұйымдастырылады. Болжамға сәйкес, этноауыл кешені күніне 30 мың келушіні қабылдай алады. Жалпы спорт жарыстары мен мәдени шараларды тамашалауға 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған.
Күнбасты салт атты — ойынның басты рәмізі. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Ондағы логотипте күнбасты салт атты бейнеленген. Аталмыш белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған бұйымның сәндік элементтеріне ұқсайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.