ТҮРКИЯҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК

0

Қазақстан Үкіметі 2023 жылғы 8 ақпанда тиісті Қаулыны қабылдады.
Қаржы министрлігіне Қазақстан және басқа мемлекеттердің аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген ҚР Үкіметінің төтенше резервінен ҚР Сыртқы істер министрлігіне бір миллион АҚШ долларын бөлу тапсырылды.
Өз кезегінде сыртқы саяси ведомство заңнамада белгіленген тәртіппен аталған қаражатты түрік тарапының арнайы шотына аударуға тиіс.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің есебін тыңдады.
Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін Хатай қаласына келді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.