(Жалғасы. Басы 16-тамыздағы нөмірде)
Сондай-ақ, ауданда сүт өндіру өркендеп, тек 1988 жылдың өзінде мемлекетке жоспардан тыс 4 мың тонна сүт өткізілді. Жоғарыда көрсетілген екі совхоз аудандағы ең биік көрсеткіштерге жетіп, мал шаруашылығын өсіру мен оның өнімдерін өндірудің топ жарғандары болды. Мысалы «Талапты» совхозының жас маманы Мейрамбек Мақұлбаев басқарған тауарлы-сүт фермасы 1988 жылы әр сауын сиырдан 4 мың литр сүт өндіруді игерсе, «Георгиевка» совхозы 3600 килограмм сүт алды. Бұл екі совхоздың малшылары әр жыл сайын жүз аналықтан 125 қозы, 105 бұзау, әр бас қойдан 4,0 – 4,5 киле жүнді тұрақты алып отырды. Бірақ, мұндай көрсеткіштер аудандағы барлық шаруашылықтарға тән емес еді. Дәл осы кезде 8 шаруашылықтың сүт өнімі ауданның орташа көрсеткішінен де төмен болды. Чапаев атындағы, «Коминтерн», «Искра Ленина» колхоздары мал бастарын өсірмеді. «Путь Ленина» колхозы сүт өндіруді құлдыратса, «Қордай», «Жаңа Тұрмыс» совхоздары мен Киров атындағы колхоз жүн қырқуда ең төменгі орындарда тұрды. Көптеген колхоздар мен совхоздар бұл кезеңде уақыттың жаңа талабына ілесе алмады. Олар ауылшаруашылығын интенсивтендіру мен жаңа технологияларды енгізуде, жұмысты жаңаша ұйымдастыру мен басқару жүйелерін жетілдіруде артта қалып отырды.
Республикадағы, кейбір облыстардағы мал шаруашылығын өркендетудің озық және жаңа тәсілдерін ауданның көптеген колхоз-совхоздары мешеулікпен қабылдады. Соның нәтижесінде «Красный Октябрь», Киров атындағы колхоздар мен Кенен Әзірбаев атындағы совхоз-техникумында етке өткізілген ірі-қара мал салмақтары ауданның орташа көрсеткішінен 90-100 килограммға кем болды. Мұндай шаруашылықтарда селекциялық-ұрықтандыру мен зоотехникалық және ветеринарлық жұмыстар жеткіліксіз болды. Ауданның көптеген шаруашылықтарында қоғамдық мал басының ырықсыз шығын болуына жол беріліп, ол аудан бойынша мал басын өсіру жоспарына қауіп төндірді. Мұндай жағдай Чапаев атындағы, Коминтерн атындағы, «Трудовик», «Искра Ленина» колхоздары мен «Алмалы», «Жаңа Тұрмыс», Кенен Әзірбаев атындағы совхоздарында орын алды.
Сараптап қарағанда топ жарғандар мен артта қалушылар көрсеткіштерінің айырмашылығы жер мен көктей болды.
Мұндай айырмашылықтар тек мал шаруашылығында ғана емес, егін мен түрлі техникалық дақылдар өсіруде де көрініс берді. Мысалы, суармалы жердің әр гектарынан «Талапты» совхозы 45 центнерден астық алса, «Талаптымен» бір өңірде жатқан «Сарыбұлақ» совхозы 15 центнерден ғана өнім алып, бүтіндей 30 центнерге артта қалды.
Аудан шаруашылықтарының мұндай орасан артта қалуының басты себептерінің бірі кондицияға сай келмейтін тұқымды пайдаланумен бірге органикалық және минералдық тыңайтқыштарды тиімді пайдаланбау, агротехникалық шаралардың сапасыз жүргізілуімен байланысты болды. Ауданның астық өндіруден көрсеткіші дүркіреп тұрғанмен көкөніс, жеміс пен жүзім өндіруде төмен тұрды. Аудандағы көкөніс өндіруді өз мойындарына алған «Искра Ленина», «Коммунистический» мен «Коминтерн» колхоздары халықтық бұл азық түрінің жоспарларын орындау мүлде атқарылмады. Ал, жеміс өндіретін «Алмалы» совхозының жұмыс қарқыны әрқилы. Бұл совхозда да оқта-текте болмаса көп жағдайда мемлекеттік жоспарлар орындалмай қалып отырды.
Аудан басшылығы мұндай жүйесіз кемшіліктерге қол қусырып қарап отырмады. Мәселені тікесінен қойып, сол кезеңдегі «бәрін шешетін кадрлар» принципі бойынша жұмыс істеді. Бірнеше жылдан бері шаруашылықтарда еш өзгеріссіз жұмыс істеп келе жатқан басшыларын ауыстырып, нақты іске кірісті. Аудандағы білікті мамандардан жаңа басшылар топтастырылып артта қалған шаруашылықтарға жіберілді. Бас мамандар «елек» сүзгісінен өткізілді. Басқа да ішкі, әлі пайдаланылмай келе жатқан резервтерді игеру жан-жақты сарапталды. Сонымен бірге озат шаруашылықтар мен артта қалушылар арасында өндірістік байланыстар жасалынды. Өзара пікір және тәжірибе алмасулар өтіп, аудан деңгейінде семинарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде барлық шаруашылықтарда ілгерілеу қозғалысы басталды.
Бірақ, бұл кез 1990 жылдарға иек артып қалған кезең еді.
Аудандағы 18 колхоз – совхоздардың табысы «ары тарт та бері тарт» болып, экономикалық сәйкессіздіктерге әкеліп соқты. Нәтижесінде аудандағы мыңдаған бас отар-отар қойлар мен ірі-қаралар, жылқылар су тегін болып, жанар-жағар майларға қосалқы бөлшектерге жұмсалды. Одан қалғандары сол кезеңдерде «шөміш» ұстаған сабаздардың «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерімен өздерін байытты. Сөйтіп жылдар бойы түн ұйқысын төрт бөліп, өліп-өшіп жиған қоғам малы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете барды. Нәтижесінде, тоқыраудың санаулы жылдарында ат төбеліндей байлар мен жүдеу тартқан қалың жұрт пайда болды.
Қалың елді қамтыған берекесіздік нышандары аудандағы барлық өндіріс, құрылыс, әлеуметтік сала, медицина, білім беру, мәдениет салаларын түгел шарпып, олардың түрліше қызмет көрсету деңгейлері күрт төмендеді. 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында аудандағы тұтынушылар одағының жоспарлары мүлде орындалмады. Оның өзіндік себептері болды. Өйткені аудан халқына айлық берілмеді. Аудан халқының көпшілігі ауылды жерлерде тұратын болғандықтан колхоз-совхоздардағы қаржының жоқтығынан оларға айлық есебіне оратылып ауылшаруашылық өнімдері таратылды. Зейнеткерлер де өз зейнетақысын бірнеше ай бойы ала алмады. Тіптен мектеп мұғалімдері мен денсаулық сақтау саласының ауылды жерлердегі қызметкерлеріне де сол жердегі шаруашылықтардан түрлі өнімдерін таратуға нұсқаулар түсіп, ол әр шаруашылықтың мүмкіндігінше атқарылды. Сөйтіп, халықта нақты ақша болмағандығынан ауданның тұтынушылар одағының, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласының, тұрғын – үй коммуналдық қызмет көрсету жұмыстары құлдырауға ұшырады. Белгіленген жоспарлар орындалмай қалды. Аудан тұрғындарынан аудан басшыларының атына неше түрлі шағымдар мен арыздар көптеп түсті. Ауыл-ауылдарда, аудан орталықтарында қоғамдағы мұндай берекесіздіктерге сәйкес наразылық білдірген адамдар шоғыры көбейіп, адамдар аудан басшыларының қабылдауына көптеп жазылды.
Аудандық тұтынушылар одағының қызмет деңгейі мүлде төмендеу салдарынан көптеген сауда орындарындағы қажетті тауарлар түрлері кеміді. Әсіресе, шаруашылық және тамақ өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмады. Көптеген дүкендерде қарапайым кір жуатын сабын жетіспей, кейбір тауарлар ет өткізгендерге арнайы чектер арқылы босатылып, жұрт ет өткізудің неше түрлі жолдарын іздестірді.
Ауданның жеміс сақтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мүмкіндіктерінің мол екендігіне қарамастан өнімнің бұл түрлерімен қамтамасыз ету төменгі деңгейде болды. Аудан мұндай қорлар жинауға әзірленбеген және дайын емес екендігін байқатты. Жұртшылықты түрлі аяқ киімдермен, мақта-мата, балалар аяқкиімдері, жиһаздармен, электр тауарлары, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету нашарлады.
Осындай бейберекетсіздіктер салқыны, қаржының жетіспеушілігі ауданның білім беру мен медициналық және мәдени қызмет көрсету салаларына кері ықпалын тигізді. Көптеген ауылдардағы мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландырылатын балабақшалар, кітапханалар мен мәдениет ошақтары жабылып, олардың ғимараттары жеке кәсіпкерлерге сатыла бастады.
Мектептер мен денсаулық сақтау салаларында кадрлар жетіспеушілігі байқала бастады. Көптеген мұғалімдер мен дәрігер мамандар күн көріс қамымен басқа жұмысқа ауысып кетті.
Алда Тәуелсіздік таңы атқалы тұр…