ТҮРЛЕНГЕН ЕЛ, ТҮЛЕГЕН ҚОРДАЙ

0

Соғыстан соң кенжелеп қалған кәсіпорындар іріленді, майда ауылшаруашылығы артельдері бірігіп, көлемді-көлемді колхоз-совхоздарға айналды, майдаланған елді мекендер біріктіріліп, түбегейлі отырықшылыққа айналған үлкен ауылдар пайда болды. Шаруашылықтар мен аудан орталығын біріктіріп жатқан тас төселген, асфальт төселген жолдар жасалынып, халықтың бір-бірімен қарым-қатынасы жақсарып, өндіріс, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау жүйеге түсті. Ауылдардың барлығына электр энергиясы, байланыс жүйелері жүргізіліп, бұрынғыдай алашапқындықтан аралып, электрді өндіріске енгізу еңбек өнімділігін арттырып, бұрындары қолмен атқарылып келген көптеген жұмыс түрлері техникаға ауыса бастады.

Әр колхоз-совхоз орталықтарында механикаландырылған қырмандар, жақсы жабдықталған машина-трактор жөндеу шеберханалары іске қосылды. Әр шаруашылықтың кемінде 35-40 автомашина бар автогараждары пайда болды.

Егіс далаларына бұрынғы бірен-саран шығатын ескі техникалар орнын қуатты тракторлар мен комбайндар, жерді жыртып, түрліше етіп топырақты өңдейтін құралдар келді.

Қоғамдағы осындай  күрделі қозғалыс пен өзгерістерге сәйкес елдің де көзқарасы, ынтасы, қабілеті жаңара бастады. Енді ауылдарда бұрынғысынша қара күшке салынып, «екі қолға бір күрек» деушілер емес, заман ағымына қарай пайда болған техникалардың тетігін игерер мамандар қажеттігі туындады. Әсіресе, механизатор мамандықтары көптеп керек болды. Бұл бағытта Красногор ауылынан ашылған механизаторлар даярлау курсының рөлі өте зор еді. Ауданның барлық  шаруашылықтарынан топ-топ жас жігіттер жіберіліп, механизатор мамандығына оқытылып жатты. Олар тиісінше, мамандықты игерген бетте өз ауылдарына келіп трактор құлағын ұстап, еңбекке араласа бастады.

Сонымен қатар 1970-жылдары әр үлкен ауылдардан жергілікті механизаторлық курстар ұйымдастырылып, оған қыздар да тартыла бастады.

Мұндай жанды қозғалыс ауданның барлық салаларында өрбіді. Аудан орталығындағы күннен күнге кеңейіп келе жатқан автобаза, автопарк, ПМК – 48, ПМК – 58, ДЭСУ, Цемзавод, РЭС тағы басқа толып жатқан ірі ұжымдарға слесарь, токарь, электрик, газ-электрмен дәнекерлеуші, темір ұстасы, экскаваторшы, жүргізуші т.б.с.с  көптеген мамандықтарды игеріп, өндірістен өз орындарын табуға жастар барынша жұмылдырылды. Осындай үлкен құлшыныспен Қордай ауданының халқы 1970-жылдары үкімет пен Коммунистік Партия алға қойған міндеттерді іске асыра бастады.

1971 жылы аудан алдына қойылған міндеттер мына төмендегідей болып атқарылды: аудан бойынша өндірістік өнімдерді өндірудің жоспары белгіленген 15532 мың рубль орнына 15749 мың рубльге, немесе 101,4 пайызға, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету жоспарланған 1066,4 мың рубль орнына 1108,2 мың рубльге (103,9 %), тұрмыстық қызмет көрсету 986 мың рубль орнына 1000,9 мың рубльге, немесе 101,5 пайызға аптекалардың тауар айналымы 110,4 пайызға. жолдарды күрделі жөндеу, жай жөндеу мен ағымдағы жөндеу 115 пайызға, автопарктің жолаушыларды тасымалдауы 101,5 пайызға орындалған. Есесіне ауылшаруашылығы өнімдері 1971 жылдың қолайлы болғанына қарамастан толық орындалмай қалды.

Мемлекетке астық өткізу 93,5, қант қызылшасын өткізу 89, 5, жібек құртын өткізу 60,9, витаминді шөп  ұнтағын өткізу 40,7 пайызға ғана орындалды. Ал, ет, сүт, жұмыртқа өткізу тиісінше 101,6; 121,0; 131 пайызды құрады.

Дегенмен, аудан тоғызыншы бесжылдықта еңбекті еселей түсті. 1971-1975 жылдары ауданда ірі-қара мал басы 4 мың басқа артса, қой саны 14530 басқа көбейіп, аудан бойынша оның саны 180 мыңға жетті.

Аудан 1975 жылдың 1 сәуірінде мемлекетке жұмыртқа өткізуден, 15 маусымда сүт өткізу жоспарларын орындады. Жыл аяғына дейін мемлекетке 43 мың центнер сүт жоспардан тыс өткізілді. Етке өткізілген ірі-қара малдың салмағы орта есеппен 344 килограммды құрап, өткен сегізінші бесжылдықтан әр бастың салмағы 20 килеге артық болған. Ауданда мал азығын әзірлеудің прогрессивтік тәсілдері қолданылып, арнайы мал бордақылау кешендері салынды. Малдарды өсіру мен семіртудің механикаландырудың жан-жақты тәсілдері жаңа әдістері өндіріске енгізілді. Сонымен бірге мал тұқымын асылдандырудың жаңа жобалары мен тәсілдері іске жұмылдырылды.

Сегізінші-тоғызыншы бесжылдықтарда (1971 -1975, 1976 – 1980 жж.) аудан әлеуметтік – экономикалық жағынан мықтап көтерілді. Бұл кезеңдерде аудан бойынша 810-нан астам жоғары санатты механизатор кадрлары жұмыс істеді. Ауданның барлық 18 шаруашылықтарында түгелдей типтік жобадағы шеберханалар салынды. Колхоз-совхоздардағы трактор парктері 225 трактормен, 72 комбайн бірлігімен және көптеген ауылшаруашылығы техникаларымен толықтырылды.

Тоғызыншы бесжылдықта 10 мехнизацияланған қырман, 6 типтік мал азығының цехы, 6 әмбебеп жабдықталған мал фермалары  жасақталды.

Осындай жаңаша қалыптасқан және механикаландырылған фермалармен егістіктерде өндірістің мәдениеті артып, оның санитарлық жағдайы жақсарып, еңбек өнімділігінің шығындары азайды. Мысалы, бір центнер сүт өндіру бұрынғыдан 4,1, ет өндіру 6,7 адам – сағатқа қысқарды.

Ауылшаруашылығына инженерлік-техникалық тәсілдердің көптеп енуі аудан бойынша электр қуатын пайдалануды арттыра түсті. Мұның өзі де өсу деңгейінің бір көрсеткіші екені белгілі.

Он бірінші бесжылдықта Қордай ауданы ауылшаруашылығынан да, өндірістен де, аудандағы халыққа қызмет көрсету салаларының барлық түрлерінен тым жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Коммунистік партияның жіті бақылауы мен қадағалауының және іс-жүзіндегі көмегінің нәтижесінде аудан өркендеді.

1981 – 1982 жылдары ауылшаруашылығын дамытуға ауданға капиталдық қордан 9 миллион рубль қаржы бөлінді. Колхоз – совхоздардың негізгі қоры 11,5 миллион рубльге артып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Жоғары өнімді техникалардың келуіне байланысты шаруашылықтардың қуаттылғы14,5 пайызға өсті. Ауданға минералдық тыңайтқыштар мен өсімдіктерді химиялық әдіспен қорғайтын препараттар көптеп келе бастады. Екі жылдың ішінде 387 гектар суармалы жер іске қосылды. Ауданның суармалы алқаптарын сумен қамтамасыздандыратын су каналдары мен жүйелерін жақсартудың кешенді іс – шаралары жасалынды. Колхоздар мен совхоздарда көптеген мал қоралары мен сарайлар, мелиоративтік құрылғылар, тұрғын үйлер, мен әлеуметтік – мәдениеттік ғимараттар салынып, ауылдардың сырт бейнелері өзгерді.

Партияның алдыға қойған «Азық – түлік программасы» ауданда өз деңгейінде атқарылды.

1982 жылы ауданда егін өсіруден бұрын-соңды болмаған өнім алынды. Қордай ауданының тарихында бірінші рет егін алқаптарынан көл – көсір астық жиналып, мемлекетке 68 мың тонна алтын дән өткізіліп, мемлекеттік жоспар 162 пайызға орындалды. Бұл жылы астық өнімдерін өндіруге ауданның барлық шаруашылықтары белгіленген жоспарларын артығымен орындаса, «Коммунистический», «Трудовик», «Коминтерн» колхоздарымен қоса «Георгиевка» совхозы бесжылдық тапсырманы толық орындады.

Роза Люксембург атындағы, «Путь Ленина», «Искра Ленина» колхоздары мен совхоздары суармалы жердің әр гектарынан 40 центенрден егін, «Талапты», «Георгиевка», Роза Люксембург атындағы совхоздар мен «Трудовик» және «Искра Ленина» колхоздары жүгері алқаптарының әр гектарынан 50 – ден 70 центнерге дейін құрғатылған жүгері дәнін алды. Ал «Георгиевка» совхозындағы И.А.Рощин мен Н.И. Литвиновтың звенолары суармалы жердің әр гектарынан 80 центнерден астам егін алып, аудан рекордын жасады. Мемлекетке өткізілген егіннің сапасы өте жақсы болып, тек масақты дақылдардан күшті және күшейтілген сорттардан өткен егін есебінен шаруашылықтарға 2 миллион 355 мың рубль қосымша қаржы түсті.

Мемлекетке астық өткізудегі ерекше көрсеткіші үшін сол жылы Қордай ауданына Қазақстан Республикасы Орталық Комитетінің, Министрлер Кеңесінің, Республикалық кәсіподақ комитеті мен ЛКСМ Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл Туы тапсырылды.

1982 жылы Қордай ауданы тек егін өнімдерінен ғана емес, басқа да мәдени дақылдардан жақсы көрсеткіштерге жетті. Әсіресе, аудан қант қызылшасын, көкөніс өнімдерін өсіру мен оны мемлекетке тапсыруда да жоспарды орындады.

Мал азығын өсіру мен оны әзірлеуде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Суды тиімді пайдалану мен өнімді орып алу мезгілін қысқарту және жиі қоректендіру нәтижесінде жоңышқаны 3 – 4 орып алуға қол жетті. Соның нәтижесінде 42 мың тонна құрғақ шөп, 50 мың тоннадан астам сүрлем шөп, 27 мың тонна сабан, 6 мың тоннадан астам витаминді – шөп ұнтағы, 121 мың тонна жүгері сүрлемі әзірленсе, 18 мың тонна жасыл жүгері бірден мал азығына жұмсалды.

Бұл жылы аудан бойынша жүгері өнімділігі әр гектардан 300 центнерден айналса, «Коммунистический» колхозында 480 центнерден болды.

Онбірінші бесжылдықта ауданда оныншы бесжылдықпен салыстырғанда ет өндіру 8,3, сүт өндіру 10,1, жүн 6,2 пайызға артты.

1981 – 1983 жылдары Қордай ауданының кәсіпорындары да ырғақты жоспардың ырқын бұзған жоқ. Аудан  бойынша өнімнің көлемі толығымен алғанда 13,6, жүк тасымалдау 17,1, құрылыстағы капиталдық салымды игеру 11,1 пайызға өсті. Екі жыл ішінде 2 жаңа типтік мектеп, Сортөбе ауылында балалар бақшасы, «Георгиевка» совхозында сүт өндіру кешені, тері өнімдерін өндіретін цех, 4 мың бас ірі қараны бордақылайтын алаң, 10 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынса, сиымдылығы 8 миллион куб метрлік Қарақоңыз су қоймасы берілді. Сондай-ақ ұзындығы 8 шақырымдық қатты қабатты жол салынып, 86 шақырымдық электр жүйесі және көптеген подстанциялар қойылды. 237 нүктелік автоматты телефон байланысының жүйесі қосылды. Қордай ауданы он екінші бесжылдықтың бас кезеңінде еңбек көрігін жақсы қыздырды. Бұл кезеңде ауданның барлық шаруашылықтары кемеліне келіп, түрлі жаңа техникалармен қамтамасыз етілген еді. Аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық атқару комитеті барлық колхоздар мен совхоздарды бесжылдық жоспарды артығымен орындауға бағыттады. Сонымен бірге басқа да ішкі резервьтерді тиімді пайдалану қарастырылды. Сөйтіп аудандағы шаруашылықтардың өнім өндірудегі оның саны мен сапасына теңдей мән беріп, жан – жақты шараларды тиімді іске асыру арқылы олардың экономикасын нығайту көзделді. Соның арқасында қоғамдық сектордағы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудің жалпы көлемі 120 миллион рубльді құрып, 11-ші бесжылдықтың деңгейінен, екі есеге асып түсті. Аудан бойынша үш жыл ішінде мемлекет қоймасына 300 мың тонна астық құйылып, бесжылдық жоспар артығымен орындалды. Ал астық өндірудің жалпы көлемі 645 мың тоннаға жетіп, 1982 жылғы ең жоғарғы деген көрсеткіштен де асып түсті. Аудан бойынша әр гектардан 21,2 центнерден дән жиналып, өткен бірінші бесжылдықтың көрсеткішінен (12,4 ц/га) 8,8 центнер өнім артық алынды.

Соңғы үш жыл ішінде әсіресе «Талапты», «Геориевка» совхоздарымен қатар «Коммунистический», «Трудовик» және «Путь Ленина» колхоздары тұрақты түрде жоғарғы көрсеткіштерге жетті.

Ауданда кейінгі он бірінші бесжылдықтан бастап дәндік жүгері өсіруге нақты бағыт алынды. Жылдан – жылға оны өсіру көлемі де арта бастады. Онекінші бесжылдықтың алдыңғы екі жылында жүгерінің құрғатылған дәндік көрсеткіші аудан бойынша әр гектардан 72 центнерден болды. Ал, 12-ші бесжылдықтың үшінші жылында жалпы өнім көлемі 1,5 есеге өсіп, 30 мың тонна өнім алуға қол жетті.

Қант қызылшасының өніміде бұл бесжылдықта ауданда көтерілді. Шаруашылықтардың көпшілігі бұл өнімді өндіру мен оның санын арттыруда егіс көлемін көбейту емес, тың және тыңайған жерлерге егу, тыңайтқыштарды тиімді беру, агротехникалық шараларды дер кезінде жүргізу сияқты істерді тиімді атқару негізінде көтерді. Соның нәтижесінде кейбір жекелеген шаруашылықтар мен звеноларда тәтті түбір өнімі 504 – тен 608 центнерге дейін барды.

Мал шаруашылығынан болса аудан он екінші бесжылдықта облыстағы ең алдыңғы қатарды иеленді. Аудан шаруашылықтары бесжылдық бойы әр жүз бас аналықтан 100 қозыдан, 87 бұзау, 2500 торай, 75 құлын алды. Етке өткізілген малдардың салмағы: ірі қара 450 – 480 , қой 40 -45, шошқа 110 – 115 килограмнан болып, әр қойдан орта есеппен 3,4 кг – дан жүн қырқылды. Бұл көрсеткіштер он бірінші бесжылдықпен салыстырғанда: ет – 27,3, сүт – 25,4, жүн – 8,5 пайызға артты.

Аудан он екінші бесжылдықтың алдыңғы үш жылы бойы қоғамдық малды қыстатуда жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін КПСС Орталық Комитетінің, КСРО  Министрлер Кеңесінің, Бүкілодақтық Кәсіподақ Орталық Комитеті  мен БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мал өнімдерін өндіруде еліміздегі ең жаңа тәсілдермен жұмыс істеп келе жатқан, яғни өндірістік негізге сүйенген, мамандандырылған «Қақпатас» мал бордақылау совхозының көрсеткіші ерекше болды. Бұл шаруашылықта бір кезекте бес мың бас ірі қара, алты мың бас шошқа бордақыланса, ірі қараның етке өту салмағы 516 килограмға жетіп, өндірістің салмақ қосу рентабельділігі 50 пайыздан асты. Мал бордақылаудың тиімділігі басқа шаруашылықтарға да ықпал етті.

Ленин  орденді «Трудовик» колхозы бірден 50 мың қой бордақылайтын «Өрікті» кешенін іске қосса, «Коммунистичесий» және «Искра Ленина» колхоздары да өз бордақылау алаңдарында қой семірте бастады.

«Талапты» мен «Георгиевка» совхоздары бордақылаған ірі қаралардың орташа салмағы 550-570 килограмнан етке өткізілді.

 

(Жалғасы бар)

Leave A Reply

Your email address will not be published.