ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?
Пештің түтін тартуын жапқанда, тұншықтырғыш газ (көміртек монооксиді – СО) оттегі жетіспеуі салдарынан толық жанбаған көмірден түзіледі және бөлмеге таралады. Оның иісі де, түсі де жоқ болғандықтан, адамдар оның бөлінгенін байқамайды. Бұл газ бірінші кезекте орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, сондықтан уланған адам жағдайын бағалай алмай, өзін нашар сезінгенін түсінбеуі мүмкін. Қазіргі таңда пештерді пайдаланатындар саны азайғанымен, тұншықтырғыш газбен улану қаупі әлі де бар. Ол тек тұрмыстық жағдайларда ғана емес, сонымен қатар өндірістік және табиғи процестерде де пайда болады.
Тұншықтырғыш газ барлық жану процестерінде түзіледі. Ол электр және жылу станцияларында отын жағу кезінде, газ плитасы мен алау оты жанғанда, автокөліктің пайдаланылған газдарында, темекі түтінінде кездеседі. Қалаларда көміртек монооксидінің негізгі көзі – автокөліктер. Бір ғана көлік жанармайының 1000 литрін жаққанда атмосфераға 25-тен 200 кг-ға дейін тұншықтырғыш газ бөлінеді. Өкінішке орай, адамдар көбінесе жабық гараждарда уланып қалады.
АҒЗАҒА ӘСЕРІ
Тұншықтырғыш газ өкпе арқылы қанға өтеді, содан кейін эритроциттерге енеді де, гемоглобинмен әрекеттесіп, оның оттегіні тасымалдау қабілетін төмендетеді. Нәтижесінде тіндер мен органдар оттегіден тапшылық көреді.
Ауада көміртек монооксидінің көп мөлшерде болуы қандағы карбоксигемоглобиннің қауіпті деңгейге жетуіне алып келеді. Егер оның концентрациясы 2-10%-ға жетсе, улану белгілері айқын білінбейді, бірақ адамдар бас ауруы, шаршағыштық, тәбеттің төмендеуі, ашуланшақтық, ұйқының бұзылуы, жүрек аймағындағы ауырсыну сияқты жайсыздықтарды сезінуі мүмкін. Ірі қалалар тұрғындары мұндай белгілерге жиі шағымданады. Егер ағза ұзақ уақыт оттегінің жетіспеушілігіне ұшыраса, ең алдымен ми мен жүрек бұлшықеті зақымданады.
ГАЗДАН УЛАНҒАНДА АЛҒАШҚЫ КӨМЕК
Уақытыңызды жоғалтпай, зардап шегушіні таза ауаға шығару қажет. Оны ыңғайлы күйге келтіріп, киімінің түймелерін ағытып, самайын мүсәтір спиртімен ысқылау керек. Егер адам есін жиып отырса, құстыруға тырысып, содан кейін оған ыстық шай, кофе немесе 1 литр суға 1 ас қасық ас содасы ерітілген сілтілі сусын беру қажет. Кез келген жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру міндетті.
АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Ең алдымен, қауіпсіздік техникасының қарапайым ережелерін сақтау қажет:
Пешті пайдаланбас бұрын оның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу, түтін мұржасын уақытында тазалау;
Шатыр астындағы барлық түтін шығатын арналарды тексеріп, мұржаны әктеу;
Жылыту маусымының басында және үш айда бір рет пеш пен мұржаны күйеден тазарту;
Ауа тазартқыш пен газ арналарын түтін шығаратын мұржа ретінде пайдалануға болмайды;
Автокөлік жөндеу немесе гаражда жұмыс істеу кезінде есіктерді ашық ұстау;
Көліктің қозғалтқышын тұрақты түрде сөндіріп отыру;
Бөлмені жиі желдетіп, таза ауаға шығу, қозғалтқышы қосулы тұрған көлікте ұйықтамау.
Осы ережелерді сақтай отырып, біз өзіміз бен жақындарымызды қауіптен қорғап, тұрмыстық өрттер мен уланудың алдын ала аламыз.
Бақонай ӘПІЛБЕК, Қордай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау лейтенанты