«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының талаптарына сәйкес шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау наурыздың соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі деп белгіленген. Қордай ауданы бойынша Масаншы және Қордай ауылдарында бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Қордай аудандық мәслихатының шығып қалған депутаттарының орнына сайлау тағайындалған болатын.
Қордай аудандық мәслихатының шығып қалған депутаттарының орнына сайлауға 31 наурыз күні таң азаннан, яғни сағат 7.00-ден бастап Қордай және Масаншы ауылдарындағы сайлау учаскелері азаматтарға есігін айқара ашты.
Бұл күнгі маңызды науқанға сайлау учаскелері лайықты түрде дайындалып, тұрғындар ел өміріндегі шешуші сәтке асқан жауапкершілікпен қарағанын айта кеткен жөн.
Сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлау учаскелері телефон байланысымен, интернетпен, пандуспен, бейнебақылау камераларымен, қосымша электр көздерімен толық қамтылған.
Бұл күні дауыс беруге келген тұрғындар қатары көп болды. Қордай ауылындағы №240 сайлау учаскесі бойынша алғашқы болып дауыс беруге ауданға танымал әуесқой ақын Талғат Абдрасилов келіп, өз таңдауын жасады. Аталмыш сайлау учаскесінің төрайымы Суджата Сарғасқаеваның айтуынша, сайлаушылар таңғы сағат 7-ден келе бастаған. Алғашқы келушілерге кішігірім сыйлықтар да берілді. Ерлі-зайыпты Кенжебаевтар отбасы бұл күні ел өмірі үшін маңызды таңдау жасауға бірге келген. «Өзіміздің азаматтық құқығымызды пайдаланып, дұрыс таңдау жасауға бел будық», дейді ауыл тұрғыны Абай Кенжебаев. Әрбір сайлау-дан шет қалмай, дауыс беруге тұрақты келіп тұратын тұрғындар қатарында Гук Александр Александрович та болды. Қырық жылдан астам уақыт ел игілігі жолында еңбек еткен зейнеткер Қордайдың болашағы үшін дауыс бердім дейді.
Қордай ауылындағы №235 сайлау учаскесінде де дауыс беруге келішулер қатары қалың болды. Сайлау учаскесінің төрайымы Гүлшат Сейтжанованың айтуынша, округ бойынша (Красный партизан шағын ауданы) екі мыңнан астам сайлаушылар тіркелген. Таңғы 7-де ашылған бойда алғашқы болып өз таңдауын жасау үшін ауыл қариясы Сәбит Алданазаров келіпті. Ауыл ақсақалына құрмет көрсетіліп шағын сый-сияпат жасалған. Сайлаушылар арасында отбасымен келіп, дауыс бергендер де кездесті. Солардың бірі – Жандос Умиралиев пен Гүлмира Ізмұханқызы. «Ауылымыздың болашағы үшін дауыс бердік», дейді жас отбасы.
Анжела ИЗАЕВА