ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСТЫ НАЗАРДА

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, әкімдер мен басшылар алдында халықпен ортақ сұхбат орнату міндеті қойылған.

Аталмыш тұжырымдаманың дамуы азаматтық қоғамның белсенділігіне, маңызды шешімдерді қабылдау кезінде қатысуына тікелей байланысты. Бұл ретте тұрғындардың мүдделері негізгі алынатын фактор болып табылады, сондықтан мемлекеттік органдардың халықпен өзара әрекеттесудің тиімді тетігі құрылған.
Мәселен, аудан басшылығы халықпен тұрақты түрде кездесу ұйымдастырып, шара барысында проблемалық мәселелер талқыланады. Осындай кездесулердің бірі бейсенбі күні Степной ауылында өтті. Тұрғындар сауалдарына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жауап берді. Әдеттегідей қабылдауға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Қабылдауға келген ауданның әр тұрғыны кез-келген мекеменің басшысымен бетпе-бет кездесіп, сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, қабылдауға келген азаматтардың көбі округтің дамуына қатысты мәселелерді көтеріп, баспаналы болу, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу, денсаулық сақтау, құжаттарды рәсімдеу сынды тілектерін де жеткізді.
Д.Сүгірбай барлық сұрақтар мұқият зерделенетіне уәде берді. Проблемалық мәселелерді шешу тиісті қызметтерге жүктеліп, орындау мерзімдері белгіленді.
Осындай кездесу Қасық ауылдық округінде өтті. Айта кетсек, округ орталығы Әлжан ана ауылы ауданымыздағы көрікті әрі таза елді мекендердің бірі саналады. Соңғы жылдары ауылдың ажары ашылып, елді мекен үлгілі ауылдар қатарына енді. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған кездесу нәтижелі болды. Тұрғындар ауылішілік жолдарды жөндеу, бірқатар көшелерді жарықтандандыру, еңбекпен қамту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, жеке мәселелерімен келген тұрғындар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер телімдерін беру, азаматтық алу сынды сұрақтарды көтерді.
Барлық мәселелер бақылауға алынып, олардың шешілуі тиісті қызметтерге жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.