ТҰРҒЫНДАР СУДАН ТАРЫҚПАУ ҮШІН

0

Ауылдарды таза ауыз сумен қамту Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған сұрақ. Сол бағытта ауданда кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Дей тұрғанымен де әлі де болса кейбір ауылдарда ауыз су бойынша проблема бар. Солардың бірі Беріктас ауылы. Бірнеше күннен бері ауылдағы төрт көшеге ауыз су жетпей, тамшы іздеген тұрғындар қиындық көруде.

Аталмыш жайды көзбен көріп, бағалап, зерделеу мақсатында аудан әкімі Бегзат Болатбеков аталмыш ауылға арнайы ат басын бұрған еді.

Бірнеше күннен бері аузы судан таршылық көрген тұрғындар жайымен танысқан аудан басшысы жауапты мамандармен сол орында проблеманы шешу жолдарын қарастырды.

«Қордай су» мекемесіне қарасты Беріктас ауылындағы ауыз судың азайып кетуі қазір негізінен жер астындағы су қорының тапшылығымен байланыстырылуда. Соңғы кездері болған аптап ыстықтан жер асты сулары жылдам тартылған. Соның салдарынан су сорғыш аппараттар да істен шығып, ауылды толықтай қамтамасыз ете алмай отыр.

Бегзат Сейсенқұлұлы мамандармен кеңесе келе, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

«Ауа райының мынадай ыстық кезеңінде төрт күн емес төрт сағат сусыз отыру мүмкін емес. Бұл мәселені жедел шешу үшін қазірден бастап жұмысқа кірісуіміз қажет. Реті келсе қосымша күш тартқан жөн. Ең бастысы ауыл халқын жылдамырақ ауыз сумен қамтамасыз ету», — дейді аудан әкімі.

Осы орайда Бегзат Болатбеков жауапты мамандарға жер асты жаңа су көздерін анықтау бойынша жұмыс жүргізу керектігін тапсырып, аталған жайды тікелей өз бақылауына алатынын айтты.

Қазіргі таңда Беріктастағы бірқатар көшелерге арнайы көліктермен су жеткізілуде екен. Ал, мамандардың айтуынша жер асты суларының азайып кетуі қазіргі таңда кейбір азаматтар жер асты суларын арнайы су сорғыларымен шығарып, мал суаруға және басқа да қажеттілікке пайдалануынан. Ол жай басшылық тарапынан зерделенетін болады.

Ең бастысы жағдай бақылауға алынды, ауыл халқы судан тарықпау үшін аудан басшылығы шұғыл шаралар қолға алмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.