Жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қауіпсіздікті сақтауда бағдаршамның қызметі зор. Түрлі түстер арқылы бағытты айқындайтын бағдаршам арқылы көлік қатынасы реттеліп, тұрғындар қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Жүргізушілердің салғырттығынан жол ережелерінің бұзылуы, мас күйінде тізгінге отыру, тіпті жаяу жүргіншілердің де белгіленген жолақты елеп-ескермей, жол ережелерін жиі бұзатынына күнде куә болатынымыз анық. Мұндай оқиғалар ондап саналса, ал бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істемеуі немесе әлі күнге дейін қойылмауы да жол-көлік оқиғаларының орын алуына себеп болып отырған мән-жайлардың бірі саналатын.
Осыған дейін, аудан әкімі Бегзат Болатбековтің халық алдындағы есептік кездесуінде Ауқатты ауылының азаматтары көлік қозғалысын ретке келтіретін бағдаршам қажеттігі жөнінде мәселе көтерген еді. Сол жиында аудан басшысы көтерілген мәселерді орындауға, қауіпсіздік бірінші кезекте екенін жеткізген болатын.
Осы тұрғыда, бүгінде аудан орталығына қарасты, Аухатты ауылында мердігерлік мекеме анықталып, орталық көшеге жаңа бағдаршам орнатылды. Күрмеулі мәселе көп күттірмей-ақ шешімін тапқанына қуанған ауыл тұрғындары аудан басшылығына ризашығын білдіруде.
Ендігі кезекте, жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағытында орнатылған бағдаршам қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Осы ретте, көлік тізгіндегендер тәртіпке бағынып, жол ережесін қатаң сақтағаны абзал. Ал оған көнбегендер тиісті заңдылықтарға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын білгендері жөн.