ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛДІ

0

Бейсенбі күні «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында филиал төрағасы, аудан әкімі Мәден Мұсаев жеке қабылдау өткізді. Оған өз мәселелерін арқалап келген тұрғындар мен бөлім басшылары қатысты.
Төраға қабылдауына алдын ала жазылған азаматтың бірі — Назарбек Нұрғалиев. Бетқайнар округіне қарасты Соғанды ауылында тұратын бұл азамат азаматтық алу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, ұлының жеке куәлігінің берілу мерзімі кешігуде және жұбайының ҚР азаматтығын ала алмай жүргеніне көп уақыт болған. Мәселенің мән-жайына қаныққан Мәден Тоқтарбайұлы қабылдауға арнайы шақырылған АПБ бастығы Мақсат Ережеповке сөз беріп, шешілу жолдарын сұрады. Оның айтуынша, бар мәселе облыс орталығынан кешіктірілуде екен. АПБ бастығы құжаттардың барлығы сонда жөнелтілгенін айтты. Сондай-ақ, мұны өз бақылауына алып, түйінін табатынын жеткізді. Ал, ҚР азаматтық алу мәселесіне келсек, аталмыш азаматша заң жүзінде оған тиісті құжаттар жинақтауы қажеттігін алға тартты. Осылайша, толыққанды түсіндіріліп, жауапқа қанағаттанған Назарбек Нұрғалиев аудан басшысына алғыс айтып, мәселесі өз уағында шешілетініне сенім білдірді. Ал, қабылдауға алдын ала жазылған жанның бірі жас ана Жанна Дармен. Бетқайнар ауылында тұрады. Жанна аудандық партия төрағасының қабылдауына жастарға беріліп жатқан қайтарымсыз грант мәселесін көтеріп келген. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Көпешов түсіндерме жұмысын жүргізді. Жаннаның студент екені ескеріліп, жаз мезгілінде қолына дипломын алған соң жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасуға қолдау көрсетілетін болды. Партия басшылығының қабылдауында болған Ж.Дармен аудан әкіміне алғысын айтып, қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.