МЕРДІГЕР СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУЫ КЕРЕК

0

3 ақпан күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен өңірдегі әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер компания өкілдері бас қосты.
Жиынға төрағалық еткен аудан басшысы мердігерлерді кездесудің күн тәртібімен таныс-тырып, құрылыс барысында кездесетін өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, бірлесе отырып оларды шешу жолдарын ұсынды. Айта кетсек, кездесуге мердігерлермен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, су және газ шаруашылығының, электр тарату мекемесі мен төтенше жағдай қызметінің басшылары шақырылды. Осылайша, құрылыс не болмаса нысанды қабылдау барысында, сондай-ақ ғимараттың су, газ, электр энергиясы сынды инженерлік инфрақұрылымын қосу кезінде кездесетін кедергілердің алдын алу мәселесі талқыланып, қос тарап орын алған жәйттарды шешу жолын іздестірді. Мұндағы басты мақсат — тұрғындардың игілігіне салынған әрбір нысанды сапалы әрі уақытында қолданысқа беру. Яғни, бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, мыңдаған адам сенім артқан соң әрбір құрылыс — мейлі спорт кешені, мейлі тұрғын үй, мейлі сумен қамту жүйесі болсын мінсіз атқарылып, ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Сондықтан, саладағы кедергі тудырған барлық сұрақтарды жан-жақты зерделеп, шешу жолдарын ұсынған Мәден Мұсаев, мердігерлердің мемлекет алдындағы жауапкершілігін еске салып, алдағы жоспарларын егжей-тегжей тыңдады. Құрылысшылар өз кезегінде мойынға алған міндеттерін соңына дейін атқаруға уәде беріп, нысандардың іске қосу мерзімін кешеуілдетпейтіндерін атап өтті.

Әлібек ОСПАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.