Тұрғындар тілегі орындалды

0

Аудандағы инфрақұрылымды жаңарту, жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Аудан басшылығының мақсаты тек ауыл аралық жолдар емес, ауылішілік көшелерді де толығымен жөнге келтіріп, халық игілігі үшін жағдай жасау. Осы ретте, Сарыбұлақ ауылдық округінде елді мекеннің ішіндегі көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Сарыбұлақ ауылындағы Ақбидай, Самал, Талдыбұлақ және Қонаев көшелеріне жөндеу жұмыстары жоспарланып, бас мердігер болып «MK Invetst» ЖШС танылды. Осылайша, аталған көшелерге асфальт төселіп, қолданысқа берілді. Бұл игілікті іске тұрғындар ризашылығын білдіруде.

Жақында редакцияға Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Кәмпит Ибраимова есімді азаматша келіп, Сарыбұлақ ауылының ардагерлер кеңесінің, аналар кеңесінің және Самал, Талдыбұлақ көшелерінің тұрғындары атынан басшылыққа алғысын білдірді.

— Самал және Талдыбұлақ көшелерінің жаңа асфальт жабыны үшін ауылдық округ әкімі Бахтияр Абеновке, оның орынбасары Мұрат Ибраимовке және аудандық маслихат депутаты Камила Дургаловаға шын жүректен алғыс білдіреміз. Олардың ел игілігі үшін атқарып келген қызметтері көпке үлгі. Осымен тоқтамай, ауылымыздың көркеюі үшін адал еңбек етулеріне тілектеспіз. Аталған азаматтарға мықты денсаулық, сәттілік, барлық жоспарларыңызды жүзеге асыруды тілейміз, — деді батыр ана Кәмпит Ибраимова.

Атап өту керек, Сарыбұлақ ауылдық округінің тұрғындары аудан әкімінің халық алдындағы есепті кездесулерінде көшелерге асфальт төсеу мәселесін көтерген болатын. Тұрғындардың қуанышына орай, бұл өтініш оңды шешімін тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.