ТҰРҒЫНДАРМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТА

0

Қордай ауданы прокуратурасы мен аудан әкімдігі халықпен кері байланыс орнату мақсатында көшпелі азаматтарды қабылдау шарасын өткізді. Бұл іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, олардың заңды талап-арыздарын өз құзыретті органдарына жеткізу, сондай-ақ халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, аудан прокуратурасының өкілдері, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, барлық қажетті қызмет салаларының жауапты тұлғалары қатысты. Ауданымызда заңсыздықтың жойылуына, әлеуметтік тыныштықтың сақталуына, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың үздіксіз қамтамасыз етілуіне үлкен мән берілуде.

Қоғамдық орында өткен шара барысында тұрғындар өздерінің маңызды мәселелері жөнінде заңгерлер мен тиісті мамандардан кеңес алып, құқықтық тұрғыдан не істеу керектігінде нақты бағыт бағдар алды. Халықпен тікелей байланысты арттыруды мақсат еткен аудан әкімдігі мен қадағалау органдарының қызметкерлері жиі кездесулер ұйымдастыруда.

Қабылдауға келген азаматтар арасында жарықтандыру, газ, жер, ауыз су, азаматтық алу, алимент өндіру, жол мәселелері сияқты күнделікті тыныс-тіршілікті қамтитын сұрақтар белсенді түрде көтерілді.

Жиын барысында аудан прокурорының міндетін атқарушы Сайын Сағындықов заң талаптарының барлығына бірдей, әділ әрі теңдей деңгейде қолданылатынын ерекше атап өтті. Прокуратура қызметкерлері халықпен тығыз жұмыс істей отырып, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету үшін ашық есік күндері мен арнайы қоғамдық қабылдауларды жиі өткізетінін айтты.

Шарада азаматтардың өтініштері мен талап-арыздары жеке қаралып, жедел шешім қабылдануы мүмкін кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапты. Ал күрделі жағдайлар тиісті органдарға жіберіліп, бақылауға алынып, заң шеңберінде дереу шаралар қабылдау қолға алынды.

Мұндай қабылдаулар азаматтардың қолданыстағы заңдарды және мемлекеттік қызметтерді тиімді пайдалануына зор ықпал етпек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.