Тұрмыстық газды пайдалану ережесін сақтау маңызды

0

«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы – еліміздің ішкі нарығындағы тұтынушыларды үздіксіз және апатсыз газбен жабдықтауды қамтамасыз ететін ірі газбен жабдықтаушы ұйым. Қазіргі таңда облыс тұрғындарын 17 газ тарату станциясы тауарлық газбен қамтамасыз етіп отыр. 207 газ реттеу пункті және блокты газ реттеу қондырғысы орнатылған. Жалпы газ құбырының ұзындығы 6900 километрді құрайды. Бүгінгі таңда облыстағы 371 елді мекеннің 269-ы, яғни 73 пайызы газдандырылған. Жыл басынан бері үш елді мекен газ желісіне қосылса, жыл соңына дейін тағы 10 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарланып отыр.

Қоғам жылдан жылға тұтынушылар арасында тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану ережелерін халыққа түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтіп келе жатқанына қарамастан, жазатайым оқиғалар күннен күнге артып келеді. Облыста 2022-2023 жылғы жылыту кезеңінде 69 жазатайым оқиға орын алып, 172 адам зардап шекті, оның ішінде 9 өлім жағдайы тіркелді. Барлық жазатайым оқиғалардың себебі, түтін мұржаларында мерзімді техникалық қызмет көрсету (тазалау) жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ, мұржалар қауіпсіздік пен құрылыс нормаларына сәйкес келмеген және де тұтынушылар газ пайдалану құрылғыларын өз бетінше қосуға немесе орнын ауыстыруға жол берген. Сондай-ақ, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалану да кездеседі. Бұдан басқа зардап шеккендер тұтынушының жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған газдан ажырату автоматты клапанымен қоса газдану датчиктерін өздері ажыратып қойғаны анықталды. Ал, салдары осындай қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.

Газбен қамтамасыз етудің басымдығы бойынша тұтынушылар, тұрмыстық тұтынушылар, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және жылу-энергетикалық компаниялар санаттарына бөлінеді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тәуелсіз апаттар себебінен тауарлық газды жеткізу көлемін шектеу режимін енгізген жағдайда, жеткізу қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұтынушылардың басымдығы бойынша жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерде, әлеуметтік нысандарда және орталық қазандықтарда баламалы отын түріндегі жабдықтар мен қажетті отын мөлшерінің қорлары қарастырылмағанын атап өткен жөн. Бұл шектеу режимін енгізу кезінде халық арасында әлеуметтік шиеленіс мүмкіндігін арттырады.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс аумағында газ және газ қондырғыларын қауіпсіз қолдану ережелерін сақтау бойынша жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Газға төлем түбіртегінің артына тіркелген тұрмыстық газ пайдалану жадынамалары таратылуда, сонымен қатар әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылған. Сонымен бірге, қазан айының бірінші күнінен бастап жарияланған қауіпсіздік айлығы шеңберінде жоспар құрылып, бірнеше іс-шара жүзеге асырылуда. 2023- 2024 жылғы жылыту маусымында тұрғындарды үздіксіз тауарлық газбен қамтамасыз ету мақсатында күзгі-қысқы дайындық жұмыстары толықтай аяқталды және де қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында ескертпе қағаздар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Табиғи газ – бұл негізінен метан мен басқа қоспалардан тұратын табиғи газ тәрізді көмірсутектердің қоспасы. Кейде құрамында көмірқышқыл газы, азот, көмірсутек және гелий бар. Оның құрамына байланысты табиғи газ – жеке компоненттер немесе қарапайым қоспалар бөлінетін өте құнды шикізат. Газдың оң қасиеттері – газ салыстырмалы түрде арзан отын, экологиялық таза, газды автоматтандыру оңай, тасымалдау оңай. Теріс қасиеттері – иіссіз, түссіз болып келеді. Газ жарылғыш, өрт қаупі бар, адам ағзасын тұншықтыратын әсері бар. Газ өздігінен жанбайды, жану үшін ауа керек. Газдың толық емес жану өнімдері улы болып табылады. Газ толық жанған кезде көмірқышқыл газы, су буы бөлінеді. Толық емес жанған кезде көміртегі тотығы бөлінеді. Газдың толық жануын көзбен анықтайтын болсақ, жану процесі тыныш ағады, жалын түсі мөлдір немесе көкшіл-жасыл түсте болады. Егер жалын немесе оның бір бөлігі сарғыш-қызыл реңге ие болса, газдың жануы толық емес дегенді білдіреді. Жалпы, тұрғындар газды пайдалану ережелерін қатаң сақтай отырып, мыналарға тыйым салынатынын білгені жөн:

– пешті пайдалануға балаларды және өз ісіне жауап бере алмайтын, пешті пайдалану ережелерін білмейтін өзге адамдарды жақындатуға;

– пеш қондырғыларына өз еркімен өзгеріс енгізуге және жөндеуге;

– газ плиталарын үйді жылыту үшін қолдануға;

– желкөз және желдеткіш каналдар жабық тұрғанда, мұржадан түтін тартпағанда пештерді пайдалануға;

– газ жабдықтары орнатылған бөлмелерде ұйықтауға және демалуға;

– жанарғыны (горелка) өз еркімен бұзып, қайта орнатуға;

– қолдан жасалған пештерді өз күшімен орнатуға, пайдалануға болмайды.

Сонымен қатар, Иран өндірісінің газ каминін қолдану және су жылыту қазандықтарын жуыну бөлмесіне немесе жатын бөлмесіне орнату мен түтіндікті өз бетінше орнатудың нормалары бұзылуы үлкен қатерге алып келуі мүмкін. Яғни, газ құрылғылары арнайы нормаларда көрсетілген бөлек бөлмеде орналасуы қажет.

Казақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңына сәйкес, газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін және де коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынатынын ескертеміз және табиғи газ ережелерін сақтауды сұраймыз.

Абыл ЮСУПОВ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы өндірістік- техникалық бөлімінің бастығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.