ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ЖӘНЕ ОНЫМЕН КҮРЕСУ ШАРАЛАРЫ

0

Дағдарыс орталықтары пайда болғаннан бері адамдардың әлеуметтік өмірінде зорлық-зомбылық әлі күнге дейін өзінің құқықтық мәні бойынша кең таралған түсінік болып табылады. Отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбы әлемнің көптеген елдері үшін өзектілігін жоймауда. Көптеген зерттеушілер әр түрлі елдерге тән отбасылық (тұрмыстық) зорлық-зомбылықтың жалпы себептерін анықтайды. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық себептерінің арасында «әлеуметтік-экономикалық дамудың төмен деңгейі, кедейліктің жоғары деңгейі, білімнің төмен деңгейі және демократиялық мәдениеттің болмауы» сияқты себептер жиі кездеседі. Еліміздің Ата Заңы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кепілдік береді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы заңына сай, тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Сонымен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлеріне мынадай анықтамалар берілген: Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау, құқық бұзушылықтарды немесе өмірге, денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ, психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту. Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстық тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер. Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алғашқы көріністері байқалған сәтте қорғау нұсқамасы, яғни, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты әкімшілік ықпал ету шарасы қолданылуы мүмкін. Учаскелік полиция инспекторына, жергілікті әкімшілікке хабарлап зорлық-зомбылық көрген тұлға өзін қорғауын сұрау керек. Полиция қызметкерлері зорлық-зомбылық көрген жәбірленушіні керекті құжаттарды толтырып, дағдарыс орталықтырына хабарлайды. Өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамды Ішкі істер органдары профилактикалық есепке қойып, профилактикалық бақылау жүзеге асырылады.

Жалпы Қазақстан бойынша да отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің жинақталған дәл статистикасы жоқ. Бұл әйелдердің, балалардың, қарт ата-аналардың отбасында орын алатын қауіптің ауқымын бағалауға, осы алаңдатарлық құбылыстың себептерін анықтауға мүмкіндік береді. Әзірге тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның себептері мен жағдайлары, қылмыскер мен жәбірленушінің жеке басы туралы негізгі ақпаратты әлеуметтік сауалнамалар және құжаттарды зерттеу-талдау арқылы анықтауға болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрделі құбылысын түсіну қиын. Зорлық–зомбылық көріп жүрген әйелдер мен балалар болса дағдарыс орталығына хабарлаңыздар. Мәселеге немқұрайлы қарап, мән берместен өтіп кетпеулеріңізді сұраймыз. Елімізде зорлық-зомбылықты болдырмау, алдын алу, жол бермеу әр азаматтың міндеті. Сенім телефоны (+7 778 0552 16 20) хабарласыңыздар.

М.ТОЛБАЕВА, Қордай аудандық тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ – нің   мейірбикесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.