Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл ойдың растығы өмірлік тәжірибеде талай дәлелденді де. Осы тұста біздің ата-бабаларымыз бала тәрбиесін басты орынға қойған. Балаға тәрбие беру – қоғамды қалыптастыру. Соның ішінде балаға ұлттық тәрбие беру – баға жетпес байлық.
Ұлттық тәрбиемен сусындаған — ұрпақ ұлағатты болары хақ! Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды.
Осы орайда 2023-2024 оқу жылының ерекшелігі — Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігіне тоқталғым келеді. Оқу жылының басында білім бөлімімен біріге қызмет атқаратын мүдделі мемлекеттік органдармен кеңесе отырып, білім бөлімінің кешенді тәрбие жоспары бекітілді. Аталған жоспардың негізінде қыркүйек айында ауданға қарасты аймақтарда әдістемелік семинарлар ұйымдастырылса, қараша айында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының хатына сәйкес Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ағымдағы жылдың 20 қазандағы №4-04-2/6181-И хатының негізінде мектеп оқушыларының күзгі демалысын және бос уақытын тиімді өткізу, әрі тұлғалық дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негізге ала отырып, іс-шаралар жоспары жасақталды. Білім бөлімінің тәрбие бағыты бойынша әдіскері А.Конбаева аудандық орталық аурухананың гинеколог, инфекционист мамандары мен аудандық ювеналды полиция мамандарымен «Ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыреттілігін дамыту: ұлттық, адами құндылықтар» тақырыбында білім бөліміне қарасты мектептердің ата-аналарымен кездесу өткізді. Бұл кездесулер — бала құқығы, бала денсаулығы басты назарда екенінің айқын дәлелі. Қазіргі таңда білім бөліміне қарасты мекемелердің барлық тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар көрініс тауып, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар тұла бойына шоғырланған жеке тұлға тәрбиелеу мақсаты жүйеленген жоспар негізінде іске асырылуда.
Анара Қожабергенова, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің сектор меңгерушісі