ТӘРБИЕШІ ОФИЦЕРЛЕР БІЛІМДЕРІН ШЫҢДАУДА

0

Гвардейск гарнизонында командирлердің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарларымен әдістемелік жиын өтті.  Ондағы мақсат  — командирлердің тәрбие және идеологиялық жұмыстыры жөніндегі орынбасарларының әскери ұжымдарда жеке құрамның салауатты моральдық-психологиялық жай-күйін қолдау мәселелерінде тәрбиеші офицерлердің кәсіби білімін арттыру. Сондай-ақ әскери қызметшілер тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру жүйесіне, қазақстандық патриотизм мен құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» туралы біріңғай түсінікке қол жеткізу болып табылады. 

 Шара барысында тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастырудың, әскери бөлімдер мен бөлімшелердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайтудың негізгі бағыттары қарастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Әдістемелік жиында бірнеше бағыттар бойынша сабақтар өткізілді. Атап айтқанда, еліміздің және Қарулы күштер тарихындағы айтулы оқиғалар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамадағы өзгерістер, білім беру құрылымдарының мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріндегі рөлі, жас толықтырумен жеке тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі және тағы басқасы.

Жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және идеологиялық жұмысы басқармасының психологиялық-әлеуметтік жұмыстары бойынша аға офицері, подполковник Жұбан Алиев «Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге тарту кезінде міндеттерді орындауға жеке құрамды психологиялық даярлау» тақырыбында әдістемелік сабақ өткізді.

«Өткізіліп жатқан әдістемелік жиынның пайдасы өте көп. Онда білмегенді үйреніп, тәжірибе алмасасың. Жеке құраммен жұмыс жасау, оларды тәрбиелеу әрине оңай емес, себебі әр сарбаз әртүрлі отбасынан тәрбие алған, мінез құлықтары да әртүрлі. Оларды әскери іс пен әскери тәртіпке үйрету, рухани тәрбие беру ол біздің басты мақсатымыз. Ол үшін тәрбиеші офицердің білімі мен тәжірибесі мол болуы тиіс. Жиыннан түйгенімді енді іс жүзінде қолданамыз», — дейді гвардия аға лейтенанты Дәулет Айырбасов.

Шара соңында полковник Ораз Кучуков мырза қорытынды жасап, жиынға қатысушы тұлғалардан құжаттарды білуі бойынша сынақтар қабылдады.

 

Жомарт Тажиханов, Гвардейск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Leave A Reply

Your email address will not be published.