«Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет»

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты форумға қатысты. Басқосуға мектеп пен колледж директорлары, бизнес өкілдері және сала мамандары, барлығы 300-ге жуық адам жиналды.

Қатысушылар алдымен өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің білікті кадр даярлаудағы мүмкіндіктерін көрсететін көрмені тамашалады.

Форумда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектесу және жұмысқа орналасуына қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі кіріспе сөзінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңір экономикасына серпін беретін шаралар қабылдануы қажеттігін атап өтті.

– Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек еңбек адамына құрмет көрсету ғана емес. Біз өндіріс, өнеркәсіп, инфрақұрылым мен қызмет көрсету салаларындағы маман тапшылығын шешуге, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға нақты қадамдар жасауға тиіспіз, – деді өңір басшысы.

Ербол Қарашөкеев облыста 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын және бұл жобалар 2029 жылға дейін шамамен 6 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін айтты.

Аймақ басшысы бизнес өкілдеріне техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы оқу орталықтарының жұмысын өндірістік қажеттіліктерге сай оңтайландырып, инвестициялық жобаларға қажетті мамандарды қайта даярлау мен тағлымдамадан өткізу бойынша бірлескен шешім қабылдауды ұсынды.

Басқосуда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев, «НДФЗ» ЖШС бас директоры Адиль Алиев, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің проректоры Гүлшат Құлабекова, «Казфосфат» ЖШС-ның басқарма басшысы Батырбек Құлекеев тақырып аясында мазмұнды баяндамалар жасады.

Қордай ауданы №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбекова, Тараз қаласы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Саясат Есеев және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Қартақов құқықбұзушылықтың алдын алу, студенттердің өнімдерін сату және жұмысқа орналасуы туралы нақты бастамалары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Форум қорытындысы бойынша бизнес және оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы 15 меморандумға қол қойылды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.