ТӘРТІП – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

0

Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Бегзат Болатбеков және Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Бахтияр Мухамеджанның қатысуымен «Аудан аумағындағы криминогендік жағдай және құқық бұзушылықтарды алдын алу шараларының тиімділігі» тақырыбында мекемеаралық кеңес отырысы өтті.

Кеңес отырысына сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, бөлім және мекеме жетекшілері, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиын барысында бірірші болып аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жетігенов сөз алды. Ол құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларының тиімділігін көтеру, сондай-ақ, құқықтық тәртіпті нығайту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Мақсат Ғабдулұлы өз баяндамасында аудандағы криминогендік жағдайды талдай отырып, құқық қорғау органдары, жергілікті билік пен қоғам бірлесіп әрекет етуі қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, Мақсат Жетігенов жиында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, түрлі ақпарат, мәдени шаралар ұйымдастыру арқылы тұрғындарды құқықтық нормалар мен заң талаптары туралы хабардар етіп, құқық бұзушылықтарға қарсы күресте бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Осыдан соң аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы құқықбұзушылықтар бойынша атқарылған жұмыстар мен жүргізілген профилактикалық шаралар туралы баяндады. Ол құқық бұзушылықтардың негізгі себептерін айтып, құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмалары құзырлы органдармен бірлесе ауданымызда профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Ағымдағы жылдың 10 айында Қордай ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу ведомствоаралық комиссиясының жоспарға сәйкес 3 отырысы және аудан прокуратурасымен 2 үйлестіру кеңесі өткізіліп, онда 7 мәселе қаралды.

«Қауіпсіз терезе» жобасы аясында 4 күндізгі профилактикалық рейдтік жұмыстар өткізілді.

Аудандық полиция бөлімімен аудан аумағында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша 10 бағытты қамтыған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Қордай ауданы бойынша 2028 жылға дейінгі қоғамдық тәртіпті сақтау аясындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізу мақсатында 25 бағытты қамтыған бағалау критерийі және 2025 жылға «Қауіпсіз Қордай» жобасын іске асыру іс-шаралар жоспары қабылданып, мәслихатпен бекітілді», — деді Дамира Маратқызы өз баяндамасында.

Ендігі кезекте, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Рауан Өскенбаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.

«Ауданымызда криминогендік жағдайды жақсарту – біздің басты мақсатымыз. Бұл бағытта тек құқық қорғау органдары ғана емес, жергілікті әкімдік, қоғам және тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуымыз қажет. Полицияның халықпен өзара әрекеттестігінің тиімділігі – құқық бұзушылықтарды алдын алудағы басты фактор», — деді ол.

Кеңес барысында аудандағы қылмысты азайту бойынша мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын жандандыру, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін халықпен профилактикалық жұмысты күшейту жөнінде шешім қабылданды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ол құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жоспарланған іс-шаралардың талапқа сай орындалуы қажеттігін қадап айтып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Аудан басшысы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, барлық жауапты құрылымдардан нәтижелі әрі тиімді жұмыс жүргізуді талап етті.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.