«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету бағытында елімізде жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы бастама аясында Қордай ауданына арнайы жұмыс сапарымен «QAZAQSTAN DAUIRI» газетінің директоры, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы келді.
Алдымен Қордай аудандық Мәдениет үйінде өткен «Заң және тәртіп» облыстық форумына қатысты. Форум барысында Сәуле Мешітбайқызы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті арттырудың өзектілігі туралы мазмұнды пікір білдіріп, қатысушыларға өнегелі ойымен бөлісті.
Осыған дейін «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, еліміздің барлық облыстарын аралап шыққан Сәуле Мешітбайқызының әсіресе ұрпақ тәрбиесі жөніндегі аналық ақылы, жүрекжарды сөздері жиынға қатысқан жандардың жүрегіне жеткенін айта кеткен жөн. Әсіресе жасөспірімдердің, оның ішінде қыз балалардың арасындағы қылмыстың өршуін қоғам қайраткері ата-аналардың тәрбиесінде кеткен олқылықтармен байланыстырды.
Форумнан кейін Сәуле Мешітбайқызы Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтаймен бірге Ноғайбай және Кенен ауылдарына барып, жоғары сынып оқушылары және колледж білімгерлерімен кездесулер өткізді. Ашық форматта өткен кездесулерде қоғам қайраткері жастар тәрбиесі, қыз баланың жауапкершілігі, рухани-адамгершілік құндылықтар, лудоманияның зияны, жыныстық қол сұғылмаушылықты сақтау, интернет пен телефонға тәуелділік мәселелері төңірегінде кеңінен әңгіме өрбітті.
«Жылт еткен телефондағы бейнелерге құмартқан жастарға жаным ашиды. Ол тәрбие немесе білім құралы емес екенін еститін құлақ болса ғой. Иә, қажетті зат, қажеттілікке пайдаланатын зат. Бірақ оны белгісіз жандар жас ұрпақ санасын улайтын мақсатта қолданады, бұл жаныңды аурытады. Телефонды қолданбай, газет оқыған жөн. Сол газетте рухани дүние бар, көзіңді ашатын, сауатыңның сауытын толықтыратын мәнді мәселелер бар. Соны оқы, тоқы, айналайын. Ал телефондағы жылт еткен бір бейне жақсылыққа апармайды. Онсыз да санасы уланып, қылмыстың қисық жолына түсіп жатқандар қаншама. Зорлық-зомбылық, күш көрсету, заңға бағынбау деген дүние осыдан шығып жатыр», – деді Сәуле Мешітбайқызы Ноғайбай ауылындағы кездесуінде.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен телеарналарда ерсі әрекеттерге тиым салу, қыз балалар тәрбиесінде ата-аналардың босаңсымауы туралы сөз етіп, жиынға қатысушылар пікірі мен ұсыныстарына құлақ салды. Жоғарыда көтерілген тақырыптар аясында ауылдық аналар кеңесі төрайымы Зина Акимбаева, білім ошақтарының директорлары өз ойларын ортаға салып, тәлім мен тәрбие жайына тоқталды.
Сәуле Мешітбайқызы жақында Ноғайбай биді Қазақстанның танымал тарихи тұлғалары қатарына енгізу бойынша мәселе көтеретінін және ауыл азаматтарының ізгі ниетті ұсыныстары болса оны газетте жариялауға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Кездесуге қатысқан оқушылар мен білімгерлер қоғам қайраткерінің шынайы әңгімесінен ерекше әсер алғандарын жеткізіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Осындай кездесу Кенен ауылында жалғасып, онда да көпшілікті толғандырып жүрген мәселелер бойынша ойлар ортаға салынды.
Ақын ауылындағы №42 Екейбай Қашағанов атындағы орта мектепте ұстаздар қауымымен болған жиында көкейтесті мәселе – бала тәрбиесі негізгі бағыт болды. Аймаққа тән, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылда бала саны азайғаны және оның себептері айтылды. Ұстаздар қауымы кездесуде осы және өзге мәселелерді көтеріп өтті. Балалардың телефонға тым құнығуы жақсы нышан емес. Кездесуде сөз алған Сәуле Мешітбайқызы осы және өзге тақырыптар аясында толғанды.
«Қазір қоғам үлкен өзгеріске ұшырады. Бұрын, әсіресе ауылды жерде, қаймағы бұзылмаған қазақи ортада үлкендерді тыңдайтынбыз. Сол бір тәрбие, сол тәлім өзгеріп, жас ұрпақ бойында жоғалып барады. Биік қоршауларда өзімізбен өзіміз бөліп өмір сүру салтына көштік. Ағайынмен араласу, көршілермен қоралас болу қазіргі қоғамға жат қылық. Өкініштісі осы. Тіпті бір үзім нанды көршілермен бөлісу дәстүрі жоғалып барады. Елдігімізді еселетеміз десек, бала тәрбиесіне аса мән бергеніміз абзал. Ала жіпті аттамау, біреуге күш қолданбау – салтымызда да, діліміз бен дінімізде де бар. Қырық үйден тиылған қыз баланың тәрбиесіне екі есе назар аудару қажет болып тұр», – деген Сәуле Мешітбайқызы, қазіргі таңда ата-ананың өзіне тәрбие қажет екенін айтып, жалпы қоғам болып заңды құрметтеп, тәртіпке бағыну қажеттігін айтты. Өйткені, «Тәртіпке бағынған құл болмайды».
Жандос ОМАРОВ