«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

0

Жамбыл облысында соңғы уақытта орын алған жасөспірімдер арасындағы бірқатар қайғылы оқиғаларға байланысты, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, ауданда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынуда.

Аталған тапсырма аясында бүгін аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан орталығындағы және бірқатар ауылдық округтердегі мектептердің 9-11 сынып оқушыларымен және колледж студенттерімен еркін форматтағы кездесу өткізді.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынға негізінен ер балалар шақырылды. Кездесу барысында жасөспірімдерге арналған арнайы профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, тәрбиелік мәні зор мәселелер талқыланды.

Кездесу кезінде аудан басшысы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстық оқиғаларға қатысты аудан көлеміндегі ағымдағы статистикалық деректерден мәлімет беріп өтті. 2025 жылдың 8 айында ауданда кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Аудан әкімі кездесу барысында жасөспірімдермен еркін форматта әңгімелесіп, оларға өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, адами құндылықтарды – мейірімділік, сабырлылық, ата-анаға құрмет көрсету, өзара сыйластық пен тәртіпті сақтау – жөнінде кеңінен түсіндірді.

– Бүгінгі жастардың бір бөлігі спортпен айналысса, енді бірі тіл үйренуге немесе кәсіпкерлікке қызығушылық танытуда. Қай бағытты таңдасаңыздар да, мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған. Тек барлық әрекеттер заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс. Ең бастысы – жүректеріңізде мейірімділік болсын, – деді аудан басшысы.

Кездесу соңында аудан әкімі қатысушы жасөспірімдерге мектептерде немесе достарымен араласу барысында туындайтын кез келген мәселелерді жасырмай ашық айтуға болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, құқықтық тәрбиеге бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, кездесуге қатысушыларға терең ой салынды.

Айта кету керек, барлық округтерде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қараусыз және панасыз қалуының профилактикасы, олардың құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау саласындағы қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында құрылған жұмысшы топтар осы бағытта түсіндіру жұмысын жалғастыратын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.