«ТӘРТІПТІ ӨЗІҢНЕН БАСТА»

0

Қоғамдық ортада заң мен тәртіпті насихаттау, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткі заттарын салушылардың жауапкершілігі мәселелері, лудомания, буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық салдары туралы салмақты ой тастайтын «Тәртіпті өзіңнен баста» атты форум аудандық Мәдениет үйінде өтті.

Жамбыл облысы прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың қатысуымен өткен шарада заңдылық пен құқықтық тәртіпті, жастардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған негізгі бастамаларды іске асырудағы маңызды қадамдар, отансүйгіштік пен азаматтық борыш турасында келелі ойлар мен кесімді ұсыныстар айтылды. Форумға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, маслихат депутаттары, құқық қорғау органдары өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері, қоғам белсенділері, дін өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Жиында кіріспе сөз алған Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы өзіңнен басталатын тәртіптің маңызы, қазіргі таңда жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың негізі, ата-аналардың тәртібі турасында толғана келе, форумға жиналған баршаны қоғамда құқықтық мәдениетті насихаттауға белсенді атсалысуға шақырып, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттауға шақырды. Облыс прокуроры осы арқылы жастарды құқықбұзушылық кеселдерден аулақ болуға тәрбиелеуге болатыны турасында айтып, «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», — деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сөзін негізге алды. Сөз соңында заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты биік қоюға әр азамат, әр отбасы өз үлесін қосуға міндетті екенін жеткізді.

Халық пен жас ұрпаққа үлгі болып, оларды жақсылыққа шақыру — ардагерлердің басты мақсаты. Осы орайда аталмыш форумда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбетте сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныстарын айтты. «Тәртіпке шақыру – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Біз әрқайсымыз өзімізден бастап, отбасымызда, ауылымызда, ауданымызда тәртіп пен заңға құрметті нығайтуға үлес қосайық. Осындай бастамаларды қолдау арқылы біз Қордай ауданын тәртіпті, дамыған, және үлгілі мекенге айналдыра аламыз. Қордай ауданының ардагерлері ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға бағытталған әрбір бастаманы қолдап келеді. Бүгінгі форум осы құндылықтарды нығайтып, әр азаматтың жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді деп сенемін», — деді Біржан Әбдікерімұлы.

Келесі кезекте «Оңтүстік» өң-ірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы   Ержан Ыбыраев сөз алып, «Отанға қызмет елге қызмет» екенін айтып, сол себепті де Отан алдындағы әскери борышты өтеу қасиетті міндет екенін де алға тартты.

Форум барысында жастарға арналған идеологиялық тақырыбындағы және есірткі мен интернет-алаяқтыққа қарсы арналған тәрбиелік мәні бар қысқаметражды бейнероликтер көрсетілді.

Осыдан соң жастарды психологиялық қолдау арқылы құқықтық тәрбие беруге болатыны турасында облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Ришат Раев сөз сөйлесе, білім ошағында құқық бұзушылықты алдын алуға бағытталған шаралар турасында «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Аида Намазова баяндама жасады.  Ал, жастарды діни тұрғыда тәрбиелеу, сол арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында ауданның бас имамы Алмуханбет Егізбаев сөз етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.