немесе АРА ШАРУАШЫЛЫЄЫН ДАМЫТУЄА НЕ КЕДЕРГІ?
Жамбыл өңірінде бал таңдаулы тағамдардың бірі екені жасырын емес. Алайда, бүгінгі күнге балдың 1,5 келісі 3000 теңгеде саудаланғандықтан, балды қалтасы көтергендер ғана сатып алады. Ара шаруашылығы саласындағы жағдайды білмекке біз жақында омарташы Жанат Көрпебаевтың шаруашылығына барып, оның жұмысымен таныстық. Аталмыш кәсіпке бұрыннан бет бұрған омарташы қазіргі таңда аудандық омарташылар қауымдастығының төрағасы болып табылады.
Бастапқыда ауыл тұрғыны инкубатор арқылы жұмыртқадан балапан шығарып, «алабай» иттерін көбейтіп, емен сыпырғыларын дайындап өткізетін. Кейін достарының ақылымен өзі үшін жаңа бағыт – ара шаруашылығын меңгерген. Басында бірнеше ұя қойып, уақыт өте ісін кеңейткен. Бір маусымда бір ара отбасынан бір шелек бал алатын. Айта кетсек, кәсібін бастау үшін біраз шығын шыққан. Мысалы, арнайы тіркеме, қолданыста болған ұя мен ара отбасыларын сатып алу үшін бас-аяғы екі мың доллар жұмсалыпты (ол кезде шамамен 300 мың теңге). Онда бұл қаражат бал бизнесін нөлден бастап, табыс табу үшін жеткілікті болатын. Алғашқы жылы жиналған өнімін өткізген омарташы жұмсаған қаражатының жартысын қайтарып алған. Алайда, жанармайға, қосымша құрал-жабдыққа, қантқа кеткен шығын тағы бар.
Шаруаның ол кезде араларды көбейткені үшін мемлекеттен субсидия алуға мүмкіндігі болған жоқ. Оның себебі де бар. Мысалы, күні бүгінге дейін субсидиялау ережесіне сай араларды көбейткені үшін субсидия алуға кем дегенде 100 ұя болуы қажет. Бұл үлкен өндіріс. Абырой болғанда, 2017 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, өнімділікті және мал шаруашылығы өнімінің сапасын арттыруды субсидиялау ережесіне өзгеріс енгізілді. Жаңа ереже бойынша 10-нан жоғары ара отбасысы бар, селекциялық және асыл тұқымды жұмыс жүргізетін, ресми түрде ара шаруашылығы ретінде тіркелген, жыл сайын статистика органдарына араларды көбейту жөнінде есеп тапсыратын шаруашылықтар субсидия алуға үміттене алады.
Осылайша, мемлекет ара шаруашылығын сақтау және дамыту жағына ден қойғаннан соң Жанат Көрпебаев бал бизнесіне белсенді түрде кірісті. Бүгінгі күнге кәсіпкердің асыл тұқымды 150 ара отбасы бар. Мұнда жылына 4 тоннадан астам тауарлық бал өндіріледі. Балдан түскен табысының басым бөлігін ол әлі де омартасын дамытуға жұмсайды. Осының арқасында қажетті құрал-жабдықтар, бал шайқағыш пен мырышпен қапталған ас үстелі сатып алынған. Қазіргі таңда омарташы көптен күткен субсидия алуға құжат дайындау үстінде.
Осы ретте кәсіпкердің кәсібін дамытуға грант алып үлгергенін айта кеткен жөн. Бұл үшін ол арнайы курстан өтіп, теориялық білімін жетілдірген. Қолға алған ісін жетік меңгерген кейіпкеріміз алғашында аралары қыстан әрең шыққанын есіне алып, кейін жіберген қателігін түзегенін жеткізді.
Қазір ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ұйымдастырған омарташылар курсында дәріс береді. Онда ол келушілерге ара шаруашылығы өнімдерін өндіру кезінде барынша мол өнім алуға қажетті зоотехникалық жұмыстарды жүргізу, құжаттарды дұрыс рәсімдеу, тұқымдық будандастыру жоспарын орындауды үйретеді.
Жалпы, омарташының аяқ алысы жаман емес. Тек карантин кезінде ұяларды шығарумен байланысты қиындықтар туындаған, дегенмен барлық проблемалар тез арада шешілді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бал қашан да сұранысқа ие. Кәсіпкер тәтті кәсібін әрі қарай жалғастыруға ниетті. Сонымен бірге омарташы салада бірқатар проблемалардың бар екенін жасырмайды. Көбіне олар селекциялық-тұқымдық жұмыспен, экспортты, табиғи бал брендін ілгерілетумен байланысты.
Кәсіпкер алдағы уақытта апитерапиялық сауықтыру кешенін ашуды жоспарлап отыр. Кешенге келушілер үшін тегін демалу, ем алу мүмкіндігі қарастырылады. Айта кетсек, апитерапия деген ауруларды тірі аралармен және ара шаруашылығы өнімдерімен емдеу. Бұл ем түрі күйзеліс, депрессия, қан қысымының көтерілуі, иммунитеттің төмендеуі, жүрек-тамыр аурулары сынды ауруларға шипа болып табылады.
— Омартаның ортасында ара үйшіктерінің үстіне жататын орын салу жоспарланған. Біздің өңірде апитерапия орталығы жоқ. Демалып жатқан адам аралар гуілінен жағымды тербеліс сезіп, жаны саябырсиды. Ұялардың ішіндегі ауа прополиске қаныққан, оның да шипалық қасиеттері көп. Мұнда кем дегенде 3 сағат жатып демалу қажет. Бұл ағзаны жалпы сауықтыру болып табылады, — дейді жоспарымен бөліскен омарташы.
Лола НУРМАТОВА