ТӘТТІ ТАБЫС ЖОЛЫ

0

Ауыл кәсіпкерлігін өркендетіп, адал еңбегімен нәсібін тауып жүрген жандар өңір экономикасының тірегі. Солардың бірі Қордай ауданында кондитерлік цехын табысты жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Марзия Амиржанова.

Марзия Жолдасбайқызы 1988 жылы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, кәсіпкерлікке бет бұрғанына биыл он жылға жуықтады. 2015 жылы «Ақнұр» жеке кәсіпкерлігін ашып, шағын істі үлкен арманға ұластырды. Ал 2020 жылы кондитерлік цехын іске қосып, тәтті тағамдар өндірісін жүйелі жолға қойды.

Кәсіпкердің табандылығы мен ізденісінің нәтижесінде бүгінде цехта 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – бір отбасының ғана емес, тұтас ауылдың әл-ауқатына қосылған үлес.

2025 жылдың күзінде Марзия Жолдасбайқызы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдаудың бірін тиімді пайдаланды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 6 миллион теңге несие алып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды. Қаражатқа заманауи пештер, листтер, жұмыс үстелдері мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, өндіріс қуаты айтарлықтай артты. Бүгінде кондитерлік цех Қордай ауылының Красный партизан ықшам ауданында орналасып, тынымсыз жұмыс істеп тұр.

Цехта дайындалатын өнім түрі де сан алуан. Тұтынушылардың талғамына сай заварной, медовый, песочное печенье, сметанник, шығыс үлгісіндегі пирогтар – барлығы табиғи әрі сапалы өнім ретінде сұранысқа ие. Пісірілген тәттілер Қордай ауданына қарасты ауылдармен қатар Шу ауданына дейін жеткізіледі.

– Мемлекетіміздің кәсіпкерлерге осылай қолдау көрсетіп жатқанына үлкен алғысым бар. Бұл бізге тек қаржылай демеу емес, сенім мен жауапкершілік жүктейді. Мұнымен тоқтап қалмай, кәсібімізді одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу басты мақсатымыз, — дейді кәсіпкер.

Пештен шыққан әрбір өніммен бірге үміт пен еңбек иісі аңқиды. Марзия Жолдасбайқызы үшін бұл кәсіп – маңдай термен келген өмірлік жол. Ауылда туып, ауылда тамыр жайған осындай істер берекенің бастауы болып, елге қызмет етудің ең шынайы үлгісіне айналып отыр. Тәтті дәмге айналған адал еңбек әлі талай шаңыраққа қуаныш сыйлары сөзсіз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.