«ТӘТТІЛЕРМЕН ШАЙ ДӘМДІРЕК»

0

Жұмыстан келген сәтте ас үйіңізден пештен жаңа шыққан ыстық бәліштің мөңкіген иісі шығып тұрса, нағыз жайлылық пен жылулықтың белгісі емес пе?! Шәйға түрлі тәттілер пісіру — жақындарыңа деген махаббатыңды білдірудің бірден бір жолы, деп санайды біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

Зәуреш Абдраимова – жұмыс өтілі мол әрі тұрақты тұтынушылары бар тәжірибелі кондитер. Бішкек қаласында «Қоғамдық тамақтандыру саласының технолог-ұйымдастырушысы» мамандығы бойынша диплом алған жас маман еңбек жолын 2002 жылы «Қызылғұр» наубайханасында кондитер болып бастаған. Кейіннен өз ісін ашып, бөлмелерді жалға алып жұмыс істеген. 2012 жылдары «Куликов и К» ЖШС-де, сонымен қатар «Флагман» СҮ-де, 2017 жылы «Шұғыла» СҮ-де кондитерлік өндірістің технологы болып қызмет атқарған. Ал қазіргі таңда үйінде кішігірім өндірісі бар. Пірәндік,  әртүрлі салмасы бар тоқаштар, кекстер, нан, т.б. өнімдерді дайындайды.

«Аспаздық өнерге бала кезімнен жақын болдым, анамның жанында жүріп, түрлі тәттілер пісіргенді жақсы көретінмін. Болашақта мамандығым тағам өндірісімен байланысты болатынын нақты білетінмін. Осылайша осы салада білім алып, мол тәжірибе жинадым. Айтпақшы, екі жыл бұрын «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алдым», дейді шебер аспаз.

Кондитерлікте тәжірибесі, икемі мен қабілеті, білімі де жетерлік кейіпкеріміз енді кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздеп отыр. «Табиғи ашытқымен нан пісіру, табиғи өнім негізінде дайындалатын тәттілерді әзірлеуге қатысты тың идеяларым, рецептерім бар. Сонымен қатар, болашақта мемлекеттік стандарттарға сай келетін, заманауи техника, құрылғылармен жабдықталған жеке цехымды ашуды, онда жас мамандарды үйретуді, шеберлік сағаттарын өткізуді армандаймын. Бизнеске нық қадам жасау үшін қажетті жабдықтардың болуы заңдылық. Әйтпесе, үлкен көлемде тапсырыс ала алмайсың. Яғни, түптеп келгенде барлығы қаражатқа келіп тіреледі», деп бөлісті кейіпкеріміз.

Кішігірім кәсібін өрістетуге қолбайлау болып тұрған кедергілерге қарамастан іскер жан тек алға ұмтылады. Бүгінде Зәуреш Абдраимова Қордай аудандық Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі. Кәсіпкерлерге арналған аудандық, облыстық шараларға белсене атсалысып тұрады, қайырымдылықпен де айналысады. 2022 жылы «Қазақстанның үздік тауары» атты конкурс көрмесіне қатысып, «Жыл серпіні» номинациясын иеленген, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған «Бір ауыл — бір жоба» жобасына қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталған. Мұның барлығы қажырлы еңбектің, ерекше ұмтылыстың арқасында екені сөзсіз.

Аудандағы көпшілік той-жиындардың, қонақ астарының дастарханында Зәуреш Абдраимованың қолынан шыққан дәмді бәліш, тоқаштарды кездестіруге болады. Кәсіпкер келіншектің өнімдерді тұрақты түрде өткізіп тұратын бірнеше дүкені бар, сондай-ақ адамдар жеке хабарласып, тапсырыс беріп жатады. Он саусағынан бал тамған аспаздың әзірлеген тәттілері көптің көңілінен шығуда. Өйткені ол өнімнің жоғары сапасы, сырт келбетімен қатар, бағасының қолжетімді болуына да аса мән береді. «Өз уақытыңды жаның рахаттанып, беріліп тұрып жасайтын іске арнасаң, еңбегің де өнімді, табысың да молырақ болады деп ойлаймын», дейді кондитер.

Өз ісін дәл тапқан Зәуреш Абдраимова отбасында да бақытты. Ұл қыздары мен немерелері оның ең басты қолдаушылары. Аяулы аналарының қолынан шыққан бәліш-тоқаштардың дәмін бірінші болып татып, әділ бағасын беретіндер де солар. Тынымсыз еңбектің арқасында табыс көзін тапқан келіншектің ізденімпаздығы, еңбексүйгіштігі шынында өзгелерге үлгі боларлықтай. Тәбетті ашар тәттілер дайындаудың шеберіне ісіне тек береке тілейміз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.