«ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРЫ»

0

Қазіргі заман адамнан әмбебап болуды қажет етеді. Әсіресе, мұғалімдерге қойылатын талап жоғары. Өйткені, болашақ осы сала мамандарымен тікелей байланысты. Ұстаз оқушыға білім беріп, зейінін ашушы ғана емес, бойына азаматтық, ұлттық құндылықтарды, мәдениетті дарытушы тұлға. Өнер мен білімді сабақтастыруда Қордай ауданының ұстаздары да қалыс қалмауда.

Осыған өткен бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде өткен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VIII аудандық фестивалінде көзіміз жетті.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына орай өткен шараның мақсаты – оқу-ағарту, білім саласының көркемөнерпаздық шығармашылықпен айналысатын дарынды қызметкерлерін анықтау, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ұштау және қолдау көрсету.

Аудандық фестивальға Қордай ауданының педагогикалық ұжымдары қатысып, хормен ән салу, көркем сөз оқу, вокал, хореография, драма жанрлары бойынша сынға түсті. Ал қатысушылардың өнеріне баға берушілердің қатарында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, Ерұлан Мағзымбеков, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, облыстық  «Тарлан» сыйлығының иегері  Көркемғали Серімбетов, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-нің мәдениет және өнер кафедрасының аға оқытушы, ЮНЕСКО ұйымының Халықаралық би комитетінің ҚР өкілі Ольга Привалова, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың  «Бұқаралық бөлім» меңгерушісі, хореограф Қарлыға Қанапина, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» Оралхан Дәуіт, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық  ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, әнші-композитор Сәрсембек Бәкір, «Мәдениет саласының үздігі» Маралбек Бабақұлов болды.

Гала-концерттің шымылдығын №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп лицейінің, Қордай ауылының балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының және Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің ұстаздарынан құралған  хор ұжымы  Сейдолла Бәйтерековтің  сөзіне жазылған  Шөмішбай Сариевтің «Қазақстан – қыран далам»  атты  әнімен ашты. Көрерменнің отаншылдық рухын көтерген патриоттық әннен кейін, сахна төріне №7 Бетқайнар колледжінің қосымша білім беру педагогы Айнур Абдулмаксут шығып, «Жаңғыру қоңыраудан басталады» атты авторлық туындысын оқыды.

Сонымен қатар, шара барысында ұстаздар қауымы халық әндерін шырқап, мың бұрала би билеп, қазақтың қара домбырасымен күй шертіп, басқа қырларынан танылды. Әсіресе, ұстаздар тобынан құралған аудандық көркемөнерпаздар оркестрі қазақ күй өнерінің майталманы композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйін орындап, көрерменнің көзайымына айналды.

Ал техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының ұстаздары орындаған 1932-1933 жылдардағы Ұлы аштық кезіндегі қазақ отбасы өмірінің тарихын әңгімелейтін, Мұхтар Мағауиннің «Бір уыс бидай» атты сюжеті негізіндегі драмалық қойылымы көрерменнің көзіне еріксіз жас үйірген әсерлі көрініс болды.

Оригиналдық жанр бағыты бойынша мұғалімдер өзгеше номер ойлап табуы тиіс-тін. Бұл тапсырманы Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының ұстазы Нурдин Сәрсенбаев ойдағыдай орындап шықты. Оның ерекше дайындалған «Қуыршақтар» биі көптің көңілінен шыққаны қошеметтерінен байқалып тұрды.

Гала-концертте өзге де әсем әндер мен тәтті күйлер, сан түрлі құбылған сиқырлы би, асыл сөз мәйегін төккен сахналық қойылым мен көркем сөздер оқылды.

Қатысушыларға әділ қазылар алқасы баға беріп, шара соңында марапаттау рәсімін өткізді. Үздік деп танылған ұжымдар мен жеке орындаушыларды дипломдармен марапаттады. Үздіктердің қатарынан табылған Қордай ауылының балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының педагогтары — Құрманқұл Жанар,  Қыдырбек  Төлеген және Балтабай Нұржан облыстык гала-концертке жолдама алды.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.