Айтулы мереке қарсаңында Төле Аманжолұлының өмірі еліміздің мемлекет болып қалыптасу жолындағы тарихи оқиғалармен, ауданымызда орын алған маңызды өзгерістермен тығыз байланысты. Орта мектеп директоры, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, халықтық бақылау төрағасы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы, 4 шақырылым депутаты, «Отан» партиясы, кейін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы болған арда азамат азаттық жолында ел басынан өткен небір дүрбелең кезеңдердің куәсі болғанын айтады. Төле Аманжолұлы 25 қазанның еліміз үшін шын мәнінде тарихи маңызы бар екенін атап өтті. Бұл біздің мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуының ерекше дәуірі, Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезеңі еді. 1990 жылы 25 қазанда барлық негізгі саяси және адами принциптерді құрайтын маңызды құжат – Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға қол қойылды. Дәл осы күні татулық пен келісім, құрмет пен теңдік орнаған бүгінгі қоғамымыздың іргетасы қаланды. Төле Сүгірбай тәуелсіз мемлекет құру әрқайсымыздан асқан ерлік пен ауызбіршілікті талап еткенін айтады. Еліміздің ертеңі қандай боларын ешкім білмеді, бірақ егемендік туралы Декларация Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы даму бағытын айқындайтындықтан, ел тәуелсіздігінің алғашқы қадамы болатынына бәрі де сенімді еді.
– Сол уақытта алғаш рет еліміздің аумақтық тұтастығы және қол сұғылмауы, елімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тілін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сынды мемлекетіміздің негізгі қағидалары бекітілді. Бұл ақжолтай құжат республикамызға тәуелсіздік пен мәртебе сыйлады. Осы декларацияның арқасында Қазақстан кеңестік заңдардың күшін тоқтатып, өз заңдарын жасай бастады. Осы принциптер негізінде кейінірек – 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Біз егемендікті сақтап қалдық, ең бастысы – мемлекетіміздегі тыныштықты сақтап қалдық.
Бұл уақыт ел тарихындағы бір ауыр кезең еді ғой. Қордай өңірі облыстағы өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған жер болғандықтан біздің алдымыздағы негізгі міндет – халықтың ынтымақ-бірлігін сақтау болды. Біз барша қордайлықтарды бір шаңырақ астына жинауға тырыстық. Және ауызбіршілік пен татулықты сақтау жолындағы еңбегіміз зая кетпеді. Бүгінгі күні де Қордай ауданында 30-ға жуық ұлт өкілдері тату-тәтті, сыйластықта өмір сүруде,-дейді Төле Сүгірбай.
Сонымен қатар, еңбек ардагері мемлекеттің даму тарихын, оның маңызын өскелең ұрпаққа жеткізу қажет деп санайды. «Жас буын түп тамырын білу үшін өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің қалай қалыптасып, қалай дамығанын бала кезден білуі тиіс. Ал ол үшін біз қоғам болып атсалысуымыз керек»,- дейді ауданымыздың Құрметті азаматы.
Өнеге мен ғибратқа толы әңгімесінің соңында Төле Сүгірбай барша халықты ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болып, ынтымақ-бірлігіміз, дәулетіміз арта берін деген ізгі тілегін жеткізді.