30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасы аудан тұрғындары арасында сұрақ-жауап айдарын ұйымдастырды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Ата Заң туралы білімін кеңейту және азаматтық белсенділікті нығайту.
Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы маңызды мәліметтер ұсынылды. Атап айтқанда, Ата Заңның қабылдану тарихы, құрылымы, негізгі баптары, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері жайлы ақпарат берілді. Қатысушылар еліміздің Негізгі заңы туралы білімдерін ортаға салып, белсенділік танытты.
Белсенді қатысушыларға тәтті сыйлықтар табысталып, іс-шара мерекелік көңіл күймен өтті.
Конституция – ел тәуелсіздігінің айғағы, халқымыздың бірлігі мен тұтастығының негізі. Әр мемлекеттің іргетасы берік болуы үшін өзіндік заңдары, басқару жүйесі және ұстанатын бағыты болуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заң – Қазақстанның жүрегі, тәуелсіздігіміздің мызғымас тірегі болып табылады.
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, мемлекеттіліктің құқықтық негізін қалау – басты міндеттердің бірі болды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция еліміздің даму жолындағы маңызды бетбұрыс болды. Оның әрбір бабы – демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекетіміздің тұғырлы негізі.
Бүгінде Ата Заңымыз – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі, заң үстемдігі мен әділеттіліктің тірегі. Конституцияда адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Бұл – еліміздің демократиялық ұстанымдарға берік екенінің дәлелі.
Ата Заңымыздың арқасында елімізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім қалыптасты. Конституция – мемлекетіміздің бағытын айқындайтын темірқазық, халқымыздың ортақ мүддесі мен еркін өмірінің негізі.
Әрбір қазақстандық үшін Ата Заңды құрметтеу – қасиетті борыш. Оны қорғау, талаптарын орындау және болашақ ұрпаққа жеткізу – әр азаматтың жауапкершілігі. Сонда ғана егемендігіміздің іргесі берік, болашағымыз нұрлы болмақ.
Қорытындылай келе, Конституция – Қазақстан Республикасының тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі, халқымыздың бейбіт өмірі мен бірлігінің бастауы. Ата Заңды ардақтап, құрметтеу – елжанды әр азаматтың парызы.
Дилназ Баянбаева, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері