Тәуелсіздігіміздің мәңгілік мұрасы

0

Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз елдің болуы мүмкін емес. Олар – елдің егемендігін әйгілейтін қасиетті белгілер. Қазақ елі Тәуелсіздігін жария-лаған сәттен бастап, бұл мәселе күн тәртібіне қойылып, ерекше маңызға ие болды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында, яғни Тәуелсіздігіміздің жарияланғанына тура 130 күн толған сәтте қабылданды. Ал сол жылдың 11 желтоқсанында Әнұранның мәтіні бекітілді. Бұл – халқымыздың жүрегін тебіренткен тарихи күндер еді.

Тәуелсіздік таңын жаңа ғана аттырған еліміз үшін рәміздер қабылдау оңайға соққан жоқ. Бұл – ерекше жауапкершілік жүктеген, жан-жақты ізденіс пен шынайы шабытты талап еткен кезең болатын. Жоғарғы Кеңес арнайы шығармашылық комиссия құрып, ел болмысын, рухын, мәдениетін терең танытатын рәміздер жасауға кірісті. Ел тағдырына бейжай қарамайтын елжанды азаматтар бұл іске белсене араласты. Жүректерінен шыққан туындыларын ұсынған. Конкурсқа қатысқан шығармалардың саны – таңдай қақтырарлық: Ту – 1200-ден аса нұсқа, Елтаңба – 245 сурет пен 67 сипаттама, Әнұран – 750-ден астам үлгі.

Содан бергі жылдарда көк байрағы-мыз талай мәрте әлемдік ареналарда желбіреді. Қазақстан туы – Эверест шыңында, Арктика мен Антарктидада, тіпті ғарышта да желбіреп, бүкіл әлемге елімізді танытты. Ал Әнұранымыз – жеңістің, мақтаныштың үніне айналды. Мемлекеттік рәміздер – халықтың рухани байлығы, бірліктің, тұтастықтың символы.

Бүгінде олар – әрбір қазақстан-дықтың жүрегінде. Мектептерде, балабақшаларда, мемлекеттік мекемелерде рәміздер құрметпен, биік тұғырда тұр. Бүлдіршіндердің «Менің Қазақстаным» әнін шырқағанда алақанын жүрек тұсына қойып айтатын сәті – кез келген жанды тебірентпей қоймайды. Бұл – патриотизмнің бастау бұлағы. Жас ұрпақтың елін сүюге, оны қорғауға, мақтан етуге тәрбиелеудің жарқын көрінісі.

Әрине, кейде рәміздерге құрметсіздік танытатын келеңсіз оқиғалар да кездесіп жатады. Бірақ мұндай сәттерде ұлтжанды азаматтарымыз бейжай қалмай, тиісті шаралар қолданылуына ықпал етуде. Бұл – елін сүйетін, рухы биік ұлттың белгісі.

Әлемде де рәміздерге қатысты қызықты деректер бар: мысалы, ең көп кездесетін түс – қызыл; тулардың үштен екісінде осы түс бар. Ең қысқа әнұран – Жапония мен Иорданияға тиесілі (4 жол), ал ең ұзақ әнұран – Грекияның «Бостандық әнұраны» (158 жол).

Leave A Reply

Your email address will not be published.