16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, Қордай аудандық білім бөліміне қарасты №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп гимназиясында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ардагерлерімен кездесу жиыны өтті. Бұл шараның мақсаты – жастар арасында патриотизмді арттыру, тәуелсіздік рухын насихаттау, сондай-ақ, тарихымыздың маңызды кезеңдерімен таныстыру.
Кездесу жиынына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық мәслихат депутаты Қарлығаш Қыпшақбаева, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, білім мекемелерінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты. Жиын модераторы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Фариза Қорабай алдымен кездесудің мақсатын айқындап, шараның маңыздылығын атап өтті.
«Құрметті ардагерлер, жастар! Бүгінгі кездесу – тәуелсіздікті құрметтеудің озық дәстүрін жалғастырудың бір жолы. Желтоқсан оқиғасы – біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады. Біздің міндетіміз – осы рухты жастар арасында таратып, олардың санасына тәуелсіздіктің құндылығын орнықтыру.
Бүгінгі жастар еліміздің болашағы, сондықтан білім мен тәрбиені, патриоттық рухты арттыру үшін барша күшімізді жұмсауымыз керек. Тарихымызды білу, өткеннен тағылым алып, болашаққа қадам басудың маңызы зор», — деді жиын модераторы.
Фариза Қорабай, шараны одан әрі жүргізіп, құрметті қонақтардың сөз алуына мүмкіндік беріп, олардың естеліктері мен ұсыныстарын тыңдап, жастармен белсенді байланыс орнатты.
Жиын барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы жастарға өз ойын жеткізді:
«Қымбатты жастар! Бүгінгі күн – тарихи кезеңдердің естелігі. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – бұл ұлттың, халықтың күрес тарихы, бізге Тәуелсіздік сыйлаған азаматтардың ерлігі.
Сендердің міндеттерің – осы тәуелсіздікті сақтау, оны ары қарай дамыту.
Ел үшін қызмет ету, тарихты ұмытпау. Бүгінгі күні, сендерге тілегім: әрқашан өз Отанымызды, халқымызды қорғау үшін белсенді болыңдар, білім алыңдар, болашақ үшін еңбек етіңдер!», — деді Біржан Әбдікерімұлы.
Келесі сөз аудандық мәслихат депутатына ұсынылды.
«Тәуелсіздіктің 34 жылдық мерекесі – әрқайсымыз үшін маңызды. Жастарымыз Желтоқсан оқиғасындағы батырлардың ерлігін үлгі тұтып, еліміздің болашағы үшін еңбек етуі қажет. Бүгінгі күн – біздің айқын жеңісіміз, сол жеңісті жастарымыз жалғастыруы тиіс», — деді Қарлығаш Қанатбекқызы.
Шара барысында ардагерлер Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы мен жастардың алаңға шығу себептері туралы естеліктерімен бөлісіп, сол кезеңдегі оқиғалар жөнінде әңгіме өрбітті.
Олар өздері өткен қиындықтар мен жеңістер туралы баяндап, жастарға рухани күш берді. Кездесу жастардың патриоттық сезімін оятып, жалпы ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Шарада, мектеп ұжымы мен оқушылардың орындауында патриоттық бағыттағы әндер шырқалып, тәуелсіздік мерекесіне арналған өлеңдер оқылды.
Сондай-ақ, ардагерлер Қордай ауданы әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының, аудандық білім бөлімінің «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталары» және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Осындай шаралар – жастардың жүрегіне тәуелсіздікке деген құрмет сезімін қалыптастырып, еліміздің болашағына деген сенімдерін нығайтпақ.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ