ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ БАСТЫ НЕГІЗІ –ҚАЗАҚ ТІЛІ

0

Адамның ойын жарыққа шығаратын құрал – тіл. Ал, тіл – адамдар түсінетін құрал болып қана табылмай, сонымен бірге атадан балаға аманат болып келе жатқан өмір тәжірибесін, өнер-білімін жеткізуші құрал.
Рухани байлығымыз тіл арқылы жасалады. Кез келген халықтың тілі сол халықтың ұлттық ерекшелігін танытатын қойма тәріздес. Сол қойманы ашып, қазынасын танып білу – бізге мұрат. Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егеменді ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты жүзеге асырылуда. Әрбір адам өз туған халқының, өзі өмір сүретін елдің тілін білу қажеттігі – ертеден келе жатқан қағида. Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіз мемлекет атанғалы Қазақстандағы мемлекеттік тілді дамыту және қолдану нәтижелері қандай деңгейде екенін айқындайтын басты көрсеткіш – бұл шынайы қоғамдық орта. Сондай-ақ, қоғамдық ортаның мүддесі мен рухани саналы көзқарасы. Қоғамдық ортадағы мемлекеттік тілдің қолданылуы тілдік ортаның нығаюымен күшейеді. Ал қазақ тіліндегі қоғамдық ортаны қалыптастыруға ықпал жасайтын факторлар – білім беру, мәдениет, БАҚ жүйесі мен мемлекеттік тілде іс қағаздарының жүргізілуін қадағалайтын әрбір мекемедегі тіл дамыту бөлімдері мен департаменттері, сондай-ақ мемлекеттік биліктің тікелей өзі болып табылады. Алайда, жаһандану қалыптасқан осы қағидаға түзетулер енгізуде. Қазіргі кезде халықаралық қатынас тілін білу қажеттігі туындап отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін аса қажет. Елбасы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады» деп сендірді. Орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйрену білімнің, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіншіліктерімізді арттыратын бірден-бір тетігі дей келе, жаһандануға бейімделуді, замана көшінен қалмай, осы үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз», – деді.
Көпұлтты мемлекет үшін бұл қалыпты жағдай. Тілдердің бірлік пен үйлесімде өмір сүруі және бір-бірін ығыстырмауы тілдер гармониясын құрып, солай аталып та жүр. Басымдылық мемлекеттік тілге беріліп отырғаны баршаға белгілі. Ағылшын тілін меңгеруге ден қойылуда. Алайда, Қазақстан жерінде тұратын азаматтардың басын біріктіретін тіл ретінде қазақ тілі көш бастауы керек. Келер ұрпақтың мемлекеттік тілде сөйлеуі заман талап етіп отырған жағдай. Қорыта келгенде, мемлекеттік тілді және шет тілдерді үйренуіміз керек. «Білекке сенер заманда– ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмейік» – деп Абылай хан айтып кеткендей, ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән екенін естен шығармайық.

«Тілдерді оқыту орталығының»
Қордай аудандық бөлімшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.