ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ – ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

0

Бейсенбі күні ауданымызға көрші қырғыз елінің Ауыл шаруашылығы министрі Асқарбек Джаныбеков пен Экономика министрі Данияр Амангельдиев жұмыс сапарымен келіп, ауыл шаруашылығы бойынша бірқатар нысандарда болды.
Қос министрмен бірге Экономика министрінің көмекшісі Ақжолтой Айдаралиев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы және жайылым бөлімінің басшысының міндетін атқарушысы Мыктбек Каландаров, Қырғыз Мал шаруашылығы және жайылым ғылыми-зерттеу институтының директоры Айбек Сапарбеков келді. Қазақстан тарапынан қонақтарды Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс және аудан әкімдігінің лауазымды тұлғалары қарсы алды. Ауылы аралас – қойы қоралас көрші бауырлас халықтың жоғары дәрежелі лауазымды тұлғалары ауданымыздың үздік ауыл шаруашылық нысандарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу үшін келген. Қонақтар бірінші болып Арал ауылында орналасқан «Медет» шаруа қожалығының мал бордақылау кешеніне аттанды. Қуаты бірнеше мың бас малды бордақылауға жететін кешен қазіргі таңда ірі өндірістік орынға айналған. Өзінің жем-шөп базасы, ветеринарлық пункті бар. Кешен жұмысымен жіті танысқан министр шаруашылық басшылығымен жұмыс барысы туралы сұхбаттасты. Іссапар барысында барған тағы бір нысан – Қордай ауылының маңынан орын тепкен «Байнұр» шаруа қожалығының тұқымдық репродукторы мен 7000 ірі қараға арналған бордақылау алаңы болды. Қожалық басшысы Саят Жетібаев келген қонақтарға кешен жұмысын көрсетіп, жұмыс барысында өзі қолданып жатқан әдіс-тәсілдер туралы айтып берді. Мәселен, малды ұстау, жем-шөп беру, жем-шөпті сақтау қоймаларын салу кезіндегі қолданылған технологиялары атап өтілді. Жұмыс сапары барысында делегацияның атбасын бұрған тағы бір нысан — «Первомайские деликатесы» ЖШС-ң мал сою пункті болды. Еуропалық стандартқа сәйкес салынған бірегей нысан, бүгінгі таңда халықаралық дәрежеде жұмыс істей алатын кәсіпорындардың бірі болып саналады. Аталмыш нысанға барған қонақтар цехтарды аралап, кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысымен танысып шықты. Мал сою, етін, ішек-қарнын өңдеудің заманауи әдістері қолданылатын кәсіпорын жұмысымен танысқан делегация мүшелері жоғары бағасын берді. Келесі кезекте қонақтар «Green Will» ЖШС болды. Аквапоника әдісімен салат жапырақтары және балық өсірумен айналысып жатқан шаруашылық қазіргі таңда еліміз бойынша ең алғашқылардың бірі болып саналады. Оңтүстік Кореялық инвесторлар ашқан кәсіпорында экологиялық тұрғыдан таза өнім өндіріліп жатыр. Алғашында Израильде ойлап табылған аквапоника әдісінің ерекшелігі өсімдіктер балықтардың қалдығын пайдаланып, ешбір химиялық қоспаларсыз өседі. Толығымен органикалық тыңайтқышта өскен салат экологиялық жағынан таза болып, үлкен қалаларда сұранысқа ие болып отыр. Шаруашылық өкілдерінің айтуынша өсірілген салат жапырақтары пен балық Алматы қаласындағы ресторандарға жөнелтіліп отырады екен.
Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.