Төл мәдениетімізді төрткүл дүниеге танытпақ

0

2024 жылдың 8-13 қыркүйек аралығында өткізілетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына санаулы күндер қалды. Ауданымыздың қолөнер шеберлері дүбірлі додаға арнап ең ұзын құрақ көрпе тігіп, шараның ашылуына келген қонақтарды таң қалдырмақ ниетте.

Көшпенділер ойындары қарсаңында, «Аламан құрақ» жобасы аясында қолөнершілер жәрмеңкесі өткізіледі. «Аламан құрақ» – мәдениет пен салт-дәстүр дәріптелетін Қазақстандағы ең ауқымды құрақшылар жобасы. Жоба авторы – Қазақстан құрақшылар одағы «Аламан құрақ» негізін қалаушысы Нұргүл Абайханқызы. Айтулы шараға еліміздің әртүрлі аймақтарынан 460 қолөнерші құрақ көрпелер жеткізеді. Олардың қатарында Қордай ауданының «он саусағынан өнер тамған» шеберлері де бар. Атап айтатын болсақ, ұлттық өнер дәріптелетін шараға ауданнан Ләззат Төлеуова, Гүлдәрі Ахмедова, Гүлнәр Алдаберген, Гүлгаухар Құрманхожаева сынды үздік қолөнершілер шақырту алды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ісмер жандардың туындылары футбол алаңында кілем ретінде жайылып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енгізіледі және халықаралық Гиннес рекордтар кітабына ұсынылады. Былтыр 200 құрақшы 500 метрлік көрпе жайып, КИНЭС рекордтар кітабына енген болатын.

Қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігін паш ету және бір қолдан шыққандай бірдей көрпе тігу арқылы қазақтың ауызбіршілігін көрсету, қазақтың құрағын әлемге таныту – шараның басты мақсаты. Жоба қатысушысы Ләззат Серікқызының айтуынша, көрпені тігуде қолданылған ою-өрнек пен түстің өзіндік мәні бар. Мәселен, ортасындағы төртқұлақ оюы «қазақтың төрт түлік малы аман болсын», оюды көмкерген гауһартас құрағы «асыл тастай болайық», жасыл өсімдік ою «төртеу түгел болсын, өсіп-өнейік», ал оларды қоршаған аламан құрағы «ақ мол болсын, көк аспанымыз ашық болсын» деген мағынаны білдіреді. Ал қызыл оюлар қазақтың дархан көңілі мен қонақжайлығын көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, төрткүл дүние көз тіккен көшпенділер ойындары өтетін Астана қаласына 100 мыңнан аса турист келеді деп күтілуде. Олар ұлттық спорт түрлерімен ғана емес, көшпелі өркениеттің ежелгі мәдениетімен де жақынырақ таныса алады.

Әділет Құттыбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.