1 наурыз күні Қордай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде көктемгі шақырту аясында алғашқы сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Шекара қызметіне жасақталған алғашқы команда Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанды. Бұл – олардың өміріндегі маңызды кезең, азаматтық өмірден әскери сапқа қосылып, нағыз ел қорғанына айналатын сәт.
Салтанатты шараға сарбаздардың туған-туыстары, достары және жақындары қатысып, ақ жол тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Патриоттық рухқа толы жиында аудан әкімінің орынбасары, шақыру комиссиясының төрайымы Дамира Сүгірбай сөз сөйлеп: «Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, төзімділік тілеймін. Отанға адал қызмет ету – кейінгі ұрпаққа өнеге болар іс!» – деп, жас сарбаздарға рухани демеу берді. Шараға қатысқан аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев та жас әскерилерге сәттілік тілеп, ел қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті.
Әскер – тек әскери тәртіп пен міндет қана емес, нағыз ерлік мектебі. Бұл – ел шекарасын қорғау, халықтың тыныштығын сақтау, ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастыру жолындағы қасиетті парыз.
Шекара әскері қатарына алынған төрт сарбаздың бірі – Эльдияр Тынышбай. Оның әкесі кезінде тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен. Әке жолын жалғастыруды мақсат еткен ол шекара әскеріне саналы түрде таңдау жасап, Отан қорғау жолына түсті. «Әкем әрдайым әскери қызметтің жауапкершілік пен тәртіпке баулитынын айтып отыратын. Мен де осы жолды таңдап, еліме адал қызмет еткім келеді», – дейді ол.
Елдің қуаты – оның азаматтарында. Біз бұл жас сарбаздарға абыройлы қызмет, мықты денсаулық, қайсар рух тілейміз. Олардың әрбір қадамы еліміздің қауіпсіздігіне үлес қосып, болашақ ұрпаққа өнеге болсын!