ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ САЛДАРЫН ЖОЮ ТУРАЛЫ ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕЛДІ

0

Дүйсенбі күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен арнайы кеңес өтіп, отырыста соңғы күндері Жамбыл облысында орын алған төтенше жағдай мәселесі жайында әңгіме қозғалды.

Аталған кеңес аудан әкімдігінде онлайн көрсетіліп, жиынға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, төтенше жағдай, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Онлайн отырыста төтенше жағдайдың салдарын жою мәселелері, мал шығыны, су басу қаупі, автожолдардың, көпірлердің жағдайы турасында облыстық департаменттердің басшылары баяндама жасады.

Сонымен қатар, Бегзат Болатбеков аудандағы дауылды боранның келтірген зардаптары жайлы сөз қозғады. Жауапты тұлғалар аудандағы ахуал жайында баян етіп, аудан басшысы оларға бірқатар тапсырмалар берді.

— Табиғат құбылыстарына ешкім қарсы тұра алмайды. Десе де ауданның төтенше жағдай қызметі, жергілікті атқарушы орган  өкілдері, полиция, жедел жәрдем қызметі және қарапайым тұрғындар бірлесе отырып әрекет етті. Әрқайсысына алғыс айтқым келеді. Қаншама азамат құтқарылды, оларға аязды күндері ыстық ас әзірленіп, жылыту орындары құрылды. Ендігі кезекте зардап шеккендерге шығындарын өтеуге атсалысу қажет. Ақ қар, көк мұзда жолда қалған жолаушылардан бөлек, бірнеше елді мекен де зардап шекті, мал шығыны болды. Осының барлығын нақты анықтап, әрқайсысы бойынша акт жасалып, заңды түрде рәсімделуі керек. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпараттарға сенуге болмайды, тұрғындарға шынайы ақпарат ұсынуымыз маңызды, – деген аудан әкімі қолайсыз ауа райының салдарын жою туралы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.