Төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталды

0

Өрт жағдайындағы бірлескен қимыл

Қордай ауданында шартты түрде түрлі табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған бірнеше күндік оқу-жаттығулар басталды. Жаттығулар басталар алдында Қордай аудандық әкімдігінде арнайы штаб отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев төрағалық етті. Шараға Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасы өкілдері де қатысып, алдағы оқу-жаттығу кезеңіне қатысты міндеттер мен іс-қимыл жоспары егжей-тегжейлі пысықталды.

Штаб отырысында төтенше жағдайлардың алдын алу, халықты эвакуациялау, ерікті құрылымдарды жұмылдыру, шұғыл әрекет ету қызметтерінің өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері талқыланды. Одан кейін оқу-жаттығудың негізгі кезеңдері бастау алды.

Жаттығулар аясында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар – дала және орман өрттері, сел, жер сілкінісі және су тасқыны кезінде халықты қорғау, құтқару бөлімшелерінің дайындығын тексеру және шұғыл басқару шешімдерін қабылдау бағытындағы практикалық іс-шаралар жүзеге асырылады.

Оқу жаттығу барысында Қордай ауылында орналасқан атшабар алаңында шартты табиғи өртті сөндіруге арналған өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Аталған шараның басты мақсаты – орман және дала өрттері кезінде шұғыл әрекет етуші құрылымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру, халықты қорғау және төтенше жағдайлар кезінде шешім қабылдау алгоритмдерін пысықтау болды. Оқу-жаттығуға Қордай ауданы әкімдігі, Төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері, Қордай және Қарақоңыз орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің өртке қарсы жасақтары, сондай-ақ ауылдық округтердің ерікті құрылымдары қатысты.

Сценарий бойынша, 10 қыркүйек күні сағат 11:00-де Қаракемер ауылдық округінің тау бөктерінде шартты түрде өрт шыққаны және оның орман шаруашылығы аумағына таралу қаупі туындағаны туралы жедел ақпарат Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісіне келіп түседі. Өз кезегінде, бұл ақпарат Қордай ауданы әкімдігіне, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына және өзара іс-қимыл жасайтын барлық қызметтерге шұғыл түрде жеткізіледі.

Өртті сөндіру үш негізгі бағытта ұйымдастырылды. Бірінші учаскеде ауылдық округтердің ерікті құрылымдары 5 техникамен және 30 адамдық құраммен жұмыс атқарды. Екінші учаскеде Қарақоңыз орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен 10 техника мен 40 маман жұмылдырылды. Үшінші учаскеде Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері – 4 техника және 10 адам жеке құрам өрт сөндіруге қатыстырылды. Барлық бөлімшелер КАМАЗ шассиіне орнатылған жоғары өтімді өрт сөндіру автоцистерналарын пайдаланды. Бұл техникалар өрт орнына 5-8 тонна су жеткізе алады және далалық жағдайда тиімді жұмыс істеуге бейімделген.

Елді мекендерге өрттің таралу қаупі туындаған жағдайда халықты құлақтандыру, эвакуациялау, қауіпсіз аймаққа көшіру және малдарды эвакуациялау бойынша алгоритмдер де пысықталды.

 

Жер сілкінісі мен техногендік апат

Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабаты ішінара қирап, электр сымдары тұйықталып, өрт шықты. Қирандылар астында адамдар қалып қойды, подъезге қою түтін таралып, газдың ағып кетуі және су құбырындағы апат тіркелді. Соның салдарынан 95 пәтер, яғни шамамен 390 адам, оның ішінде 73 бала сусыз қалды.

Шартты төтенше жағдай орнына жедел түрде апаттық-құтқару қызметтері, өрт сөндіру бригадалары, газдан құтқарушылар мен жедел жәрдем топтары келіп жетті. Оқиға орнында қауіпсіздік шептері қойылып, барлау жұмыстары жүргізілді, қауіпті аймақтар анықталып, жедел штаб құрылды. Оқу-жаттығу жетекшісі құтқарушыларға нақты тапсырмалар қойды.

Қирандыларды тазалау және бөгелген бөлмелерге кіру үшін құтқарушылар арнайы құралдарды пайдаланды. Газ-түтіннен қорғайтын бөлімшелер тыныс алуға жарамсыз ортада жұмыс жүргізді. Жоғарғы қабаттардан зардап шеккендер түрлі тәсілдермен эвакуацияланып, жедел жәрдем дәрігерлеріне шұғыл көмек көрсету және ауруханаларға жеткізу үшін тапсырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар төтенше қызметтердің практикалық машығын арттырып қана қоймай, халықтың да өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп кезінде көмек дер кезінде әрі кәсіби түрде көрсетілетініне сенімін нығайтады.

Оқу-жаттығулар келесі күні Ноғайбай ауылында жалғасты. Онда шартты су тасқынына байланысты әрекеттер де пысықталды. Сценарийге сәйкес, өзен суының арнасынан шығуы салдарынан ауылды су басу қаупі туындады. Су тасқыны ықтимал аймақта 340 тұрғын үй орналасқан. Электрмен жабдықтау, байланыс жүйесі және орта қысымды газ құбыры зақымданғаны анықталды. Сонымен қатар, 2 тұрғынның суға батып кеткені туралы хабарлама түсті.

Бұл кезеңде шұғыл түрде эвакуациялық іс-шаралар қолға алынып, халыққа қауіп туралы хабар берілді. Инженерлік және құтқару бөлімшелері су басу аймағын барлап, қорғау бөгеттерін тұрғызу және судың алдын алу шараларын жүргізді. Медициналық бригадалар зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қауіпсіз жерлерге көшірілген тұрғындарға алғашқы медициналық және психологиялық көмек ұйымдастырды.

Ал, Отар ауылында сценарийі бойынша, қатты жер сілкінісінің салдарынан теміржолда маневрлік жұмыстар кезінде екі қауіпті жүк тасымалдайтын цистерна – 40 тонна аммиак және 60 тонна дизель отыны тиелген вагондар жолдан шығып кетіп, жартылай зақымданды. Апат салдарынан 8 адам зардап шегіп, аммиак бұлты теміржол станциясының персоналы мен айналадағы аумаққа қауіп төндірді. Сонымен қатар, жанар-жағармай цистернасының өртену және жарылу қаупі тіркелді.

Отар станциясының тәуліктік кезекшісі дауысзорайтқыш құрылғы арқылы қызметкерлерді апат туралы хабардар етіп, сирена іске қосылды. Қызметкерлерді эвакуациялау, қауіпсіз аймаққа жинау және тіркеу жұмыстары ұйымдастырылды. Станцияның ерікті газдан құтқару жасағы мен кезекші персонал қауіпсіздік бекеттерін қойып, аймақты бақылауға алды. Оқиға орнына шұғыл түрде авариялық-құтқару бөлімшелері келіп жетті. Теміржол цистернасынан аммиактың ағуын азайту үшін су перделері ұйымдастырылып, герметизациялау жұмыстары жүргізілді. Өрт қаупін жою үшін өрт сөндіру гидранттары мен автоцистерналар іске қосылып, жанып жатқан цистернаны салқындату, кейіннен көбік шабуылын ұйымдастыру шаралары атқарылды. Өрт сөндіру барысында қысымды арттыру үшін қосымша көтергіш сорғылар қосылды.

Полиция патрульдері оқиға орнында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, автокөліктердің ТЖ аймағына кіруін шектеді. Барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталып, қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс атқарды.

Оқу-жаттығу барысында ТЖМ бөлімшелері, теміржол станциясы қызметкерлері мен аудандық жедел қызметтердің өзара іс-қимылы тиімді ұйымдастырылып, жүктелген оқу-жауынгерлік тапсырмалар толық орындалды.

Қордай ауданының бірнеше ауылдық округін қамтыған оқу жаттығулар қорытындлысы жұма күні аудан әкімдігінде штаб отырысында айтылып, сол жерде барлық құрылымдарға алғыс білдірілді. Сонымен қатар бірқатар мамандарға марапаттар ұсынылды.

 

Денсаулыққа қауіп төнгенде

Қордай ауданында табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған оқу-жаттығулар аясында адам денсаулығына аса қауіпті, жұқпалы аурулардың таралуына қарсы шаралар пысықталып, ықтимал оқиғаларға шұғыл ден қою алгоритмдері тексерілді. Мамандар «эпидемиологиялық қ жағдайда атқарылатын жұмыстар мен әрекеттерге аса мән берді. Сценарийге сәйкес, Қақпатас ауылының шетінде бес адамнан тұратын отбасы тіршілік етеді: әкесі, анасы, екі ұлы және қызы. Алғашқы болып әкесі сырқаттанады. Ол мал сою кезінде жарақат алып, ауру малдың қанымен жанасу салдарынан өзін жайсыз сезіне бастаған. Денесінде әлсіздік, қызу көтерілу және қолында жара пайда болған. Науқас Қордай ауылының орталық аудандық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жеткізіліп, қажетті зертханалық талдаулар нәтижесінде «Сібір жарасы» диагнозы нақтыланды.

Дәрігерлік тексеру барысында отбасының басқа мүшелерінде де сібір жарасына тән белгілер байқалған. Олардың барлығына «Сібір жарасының ықтимал жағдайы» деген алдын ала диагноз қойылып, шұғыл емдік шаралар басталды. Жедел әрекет ету топтары науқастармен байланыста болған адамдарды оқшаулап, індеттің таралуына тосқауыл қойды.

Жаттығу шеңберінде тағы бір сценарий – құс тұмауының өршуі бойынша да жағдай пысықталды. Бетқайнар ауылының маңындағы жеке шаруа қожалығында 1000-ға жуық үй құсының қырылуы тіркелген. Алынған сынамалар мен зертханалық талдаулар нәтижесінде құстардың жаппай қырылуына құс тұмауы себеп болғаны анықталды.

Оқиға орнына ветеринарлық қызмет пен тиісті сала мамандары дереу жұмылдырылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қауіпті аймақ қоршауға алынып, инфекцияның басқа елді мекендерге таралуының алдын алу шаралары қабылданды.

Шолпан САБАНОВА, Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.